Павлодарда шұғыл шақыртуға бара жатқан жедел жәрдем көлігі жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан әйелді қағып кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жол апатының видеосы жергілікті Instagram-пабликтердің бірінде жарияланды.
Мәліметке сүйенсек, оқиға 7 шілде күні Павлодар қаласында Сәтбаев көшесіндегі реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде болған. Жедел жәрдем бригадасы бірінші санаттағы шұғыл шақыртуға бара жатқан. Ол уақытта жедел-жәрдем көлігінің шамы мен сиренасы қосулы болған.
Көлік жауы жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқанда кенеттен келіншек шыға келген. Соның салдарынан жедел-жәрдем көлігі әйелді қағым өткен. 103 қызметкерлері зардап шеккен әйелге бірден алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оны Павлодар қалалық №1 ауруханаға жеткізген. Ал жедел жәрдем бара жатқан шақырту басқа бригадаға берілген.
Оқиғаға қатысты Павлодар қалалық полиция департаменті түсініктеме берді. Қазір тексеру жүргізіліп жатыр.
