Ол Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі ретінде бұл мәселеге құқықтық тұрғыдан тоқталғанды жөн көрді.
Конституцияда бекітілген бір рет қана тағайындалу немесе сайлану қағидаты өзгеріссіз сақталады – Лаура Қарабасова
134
оқылды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Басқарма төрағасы – ректоры, "Әділет" партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Лаура Қарабасова Конституциялық соттың ресми түсіндірмесіне қатысты пікір білдіріп, бұл шешімнің маңызын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz 

–  Конституциялық соттың ресми түсіндірмесіне қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Қазақстан халқы қабылдаған жаңа Конституция елдің құқықтық жүйесінде жаңа кезеңді қалыптастырды. Осыған байланысты Конституциялық сот жаңа конституциялық нормаларды қолдану тәртібіне ресми конституциялық-құқықтық түсіндірме беріп, олардың құқықтық салдарын нақтылады. Бұл түсіндіру тек бір ғана лауазымға қатысты емес, Конституцияда көзделген бірнеше мемлекеттік лауазымға бірдей қолданылады және Негізгі заң нормаларын бірізді қолдануды қамтамасыз етуге бағытталған.

Ең бастысы, Конституциялық соттың түсіндірмесі қандай да бір тұлғаны автоматты түрде тағайындауды немесе сайлауды білдірмейді. Сондай-ақ Конституцияда бекітілген бір рет қана тағайындалу немесе сайлану қағидаты өзгеріссіз сақталады. Сондықтан бұл мәселені құқықтық айқындық пен Конституция нормаларын біркелкі қолдану тұрғысынан бағалау маңызды, – дейді Лаура Қарабасова.

Еске сала кетейік, бүгін Қазақстан Республикасының Конституциялық соты 2026 жылғы Конституциядағы жоғары мемлекеттік лауазымдарға сайлану және тағайындалу тәртібіне қатысты ресми түсіндірме берді.