Жиын соңында Цзяюйгуань қаласының Туризм қауымдастығы мен Еуразиялық туризм қауымдастығы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
«Сәлем, Қытай!»: Астанада Қытайдың туристік ресурстарының таныстырылымы өтті
Фото: Aikyn.kz
78
оқылды

Астанада «Сәлем, Қытай!» атты Қытайдың туристік ресурстарының таныстырылымы өтті. Іс-шараны Қазақстандағы Қытай Елшілігінің қолдауымен Қытай мәдени орталығы мен Еуразиялық туризм қауымдастығы ұйымдастырды. Жиынға Қытай мен Қазақстанның 50-ге жуық туристік компаниясының өкілдері, сондай-ақ Қытайдың жетекші әуе компаниялары – Air China және China Southern Airlines өкілдері қатысты, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Таныстырылымға Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің кеңесші-елшісі Чэн Кэфань арнайы келіп қатысып, шараны бастап берді. Кеңесші-елші Қытай мен Қазақстан – тауы мен өзені ортақ тату көрші әрі тағдыры тоғысқан жан-жақты стратегиялық серіктес мемлекеттер екенін атап өтті. 

– Екі елдің достығы ерте ғасырлардан бастау алады. Ұлы Жібек жолы Қытайдың Чанъань және Дуньхуан қалаларын қазақтың сайын даласымен және көне шаһарларымен жалғады. Мыңдаған жылдар бойы бұл жолмен саудагерлер мен саяхатшылар толассыз қатынап, түрлі өркениеттер өзара тоғысып, байланыс орнатты. Соның нәтижесінде өзара ықпалдастыққа, түсіністік пен достыққа негізделген бай тарихи мұра қалыптасты.

Ал жаңа дәуірде екі ел басшыларының стратегиялық басшылығының арқасында Қытай мен Қазақстан арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік қарқынды әрі тұрақты дамып келеді. Сонымен қатар халықтар арасындағы байланыс та күн сайын нығаюда. Қазақстандықтардың Қытайға деген қызығушылығы артып, көне қытай өркениетінің терең тамырымен танысып, елдің заманауи даму қарқынын өз көзімен көру үшін жиі саяхаттай бастады. Өз кезегінде қытайлық туристер де Қазақстанға жиі келіп, ұлан-ғайыр далаға, асқар таулар мен көркем көлдерге тамсанып, қазақ халқының ұлттық болмысы мен кең пейілді қонақжайлығын жақынырақ тануда. Осылайша екі елдің қарым-қатынасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан достықтың берік қоғамдық негізі одан әрі нығая түсуде, - деп атап өтті Чэн Кэфань.

Сонымен қатар жиынға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Туризм департаментінің директоры Дамиля Кунанова да қатысты. Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режимнің енуі екі елдің туристік ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтерген маңызды қадам болды. 

– Бұл шешім туристер легінің артуына, тікелей әуе рейстерінің көбеюіне, жаңа туристік бағыттардың қалыптасуына серпін беріп, бизнес өкілдері үшін өзара әріптестікті дамытуға тың мүмкіндіктер ашты, - деді ол.

Жиын соңында Цзяюйгуань қаласының Туризм қауымдастығы мен Еуразиялық туризм қауымдастығы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.