Сұлтан Сәрсемәлиев Наурыз Мұқанғалиевті қасақана өлтірді деген айыпты мойындамаған.
Атыраудағы төрт адамның өлімі: прокурор  Сәрсемәлиевке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады
172
оқылды

Атырау облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында төрт адамның өліміне қатысты резонанс тудырған іс бойынша сот жарыссөзі басталды. Прокурор Сәрсемәлиевке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Сот жарыссөзі барысында мемлекеттік айыптаушы соттан Сұлтан Сәрсемәлиевті өзіне тағылған баптар бойынша кінәлі деп танып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Прокурордың айтуынша, Қылмыстық кодекстің 58-бабы 4-бөлігіне сәйкес, айыпталушыға түпкілікті жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қолдану ұсынылған.

Айыптау тарапы соттан айыпталушыдан жәбірленушілерге өтемақы қорына 30 АЕК көлемінде, яғни 129 750 теңге өндіруді, 2 512 128 теңге көлеміндегі процестік шығындарды өтеуді және оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдыруды сұрады.

Ал Сұлтан Сәрсемәлиев Наурыз Мұқанғалиевті қасақана өлтірді деген айыпты мойындамаған. 

Айта кетейік, айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның ата-анасын, туған ағасы мен қарындасын өлтірді деп айыпталып отыр. Қайғылы оқиға 2025 жылдың соңында Атырау облысы Жангелдин ауылында болған.