Бұл аккредитация ERG-дің корпоративтік оқыту жүйесі әлемдік үздік стандарттарға сай екенін, компанияның стратегиялық мақсаттарымен сабақтасып, ұзақмерзімді дамуына қызмет ететінін айқындайды.
EFMD CLIP – корпоративтік оқыту мен қызметкерлердің кәсіби дамуының сапасын бағалайтын беделді халықаралық жүйелердің бірі. Басқа білім беру аккредитацияларынан ерекшелігі – жекелеген оқу бағдарламаларын емес, корпоративтік оқыту жүйесін тұтас бағалайды. Сараптама барысында оқыту жүйесінің компания стратегиясымен үйлесімі, білім беру процестерінің сапасы, заманауи технологиялардың қолданылуы, ішкі сарапшылар мен оқытушыларды даярлау деңгейі, сондай-ақ оқытудың бизнес нәтижелеріне ықпалы жан-жақты зерделенеді.

Қазір осы стандарт бойынша аккредиттелген ұйымдардың қатарында Siemens, Volkswagen Group, L'Oréal, Santander, Allianz, Novartis және ArcelorMittal секілді әлемдік жетекші компаниялардың корпоративтік университеттері мен оқу орталықтары бар.
ERG корпоративтік университеті – компания қызметкерлерінің кәсіби құзыретін дамытуға арналған бірыңғай білім беру орталығы. Мұнда қызметтің барлық негізгі бағытын қамтитын кешенді оқыту жүйесі қалыптасқан. Оның құрамына бес корпоративтік академия, цифрлық білім беру платформасы, ERG кәсіпорындары орналасқан өңірлердегі оқу орталықтарының желісі, VR технологиялар мен өндірістік симуляторларға негізделген оқу кешендері, Кәсіби біліктілікті тану орталықтары, басшылар мен сарапшыларды дамыту бағдарламалары, сондай-ақ ішкі оқытушылар мен тәлімгерлер қауымдастығы кіреді.
Корпоративтік университет жыл сайын 220 мың сағаттан астам оқу бағдарламасын өткізеді. Бұл жүйе қызметкердің кәсіби жолының барлық кезеңін қамтиды: жұмысшы мамандарды даярлау, инженерлік құзыреттерді дамыту, басшыларды оқыту, цифрлық дағдыларды жетілдіру, жобаларды басқару және өндірістегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.

CLIP аккредитациясына ие болу – ERG корпоративтік университетінің халықаралық деңгейде мойындалуының кезекті маңызды кезеңі. Бұған дейін университет Қазақстан мен ТМД кеңістігінде алғашқылардың бірі болып оқытудың бизнес нәтижелеріне ықпалын бағалайтын EFMD LIFT Learning Impact халықаралық сертификатын иеленген болатын.
«ERG-де қызметкерлердің кәсіби дамуы – негізгі стратегиялық басымдықтардың бірі. EFMD CLIP аккредитациясының басты ерекшелігі – корпоративтік оқыту жүйесінің тұтас тиімділігін, оның компания стратегиясымен байланысын және бизнес нәтижелеріне нақты ықпалын бағалайтынында. Бұл халықаралық мойындау біздің әлемдік озық тәжірибелерге сәйкес келетін білім беру ортасын қалыптастырып отырғанымызды дәлелдейді. Қазақстанда осы аккредитацияны алғашқы болып алу – біз үшін зор мәртебе. Бұл – атқарылған жұмысқа берілген жоғары баға ғана емес, сонымен қатар үздіксіз оқу мәдениетін дамытуға, заманауи білім беру технологияларын енгізуге және болашақ сын-қатерлерге жауап бере алатын білікті мамандарды даярлауға тың серпін береді», – деді ERG-дің Қазақстандағы бас директорының персонал және мәдениет жөніндегі орынбасары Гүлзада Төлебаева.

«EFMD CLIP аккредитациясы ERG корпоративтік университетіне халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, әлемдік озық тәжірибелермен алмасуға және корпоративтік оқыту мен таланттарды дамыту саласындағы жаһандық кәсіби қауымдастықтың жұмысына белсенді қатысуға жол ашады», – деді ERG Корпоративтік университетінің директоры Валентина Сатарова.
Аккредитация процесіне ERG Корпоративтік университетінің білім беру шешімдерін әзірлеу жөніндегі басшысы Айжан Базарбаева жетекшілік етті.
ERG Корпоративтік университеті кадр даярлау жүйесін қалыптастырды
ERG Корпоративтік университеті – Eurasian Resources Group компаниясының қызметкерлердің құзыретін дамытуға арналған бірыңғай білім беру орталығы. Университет компанияның стратегиялық басымдықтарына сәйкес кадр даярлау жүйесін қалыптастырып, үздіксіз білім алу мәдениетін орнықтыруға бағытталған. Мұнда кәсіби даярлық, өндірістегі қауіпсіздік, инженерлік, басқарушылық және цифрлық құзыретті дамытуға арналған білім беру бағдарламалары жүйелі түрде оқытылады.
EFMD Global – корпоративтік оқытуды дамыту саласындағы ең беделді халықаралық қауымдастық
EFMD Global – әлемнің 90-нан астам еліндегі жетекші бизнес-мектептерді, корпоративтік университеттер мен компанияларды біріктіретін халықаралық коммерциялық емес ұйым. Ол менеджментті, көшбасшылықты және корпоративтік оқытуды дамыту саласындағы ең беделді халықаралық қауымдастықтардың бірі саналады.
Corporate Learning Improvement Process (CLIP) бағдарламасы – тәуелсіз сараптамалық бағалауға және үздік әлемдік тәжірибелерге негізделген, корпоративтік оқыту құрылымдарын бағалайтын және аккредитациялайтын жетекші халықаралық жүйе.
