Петиция авторларының пікірінше, сағатына 10-15 шақырым жылдамдық шектеуі электрсамокаттарды қаладағы өрге шығатын жолдарда тиімсіз етеді.
Алматыда кикшерингке арналған жылдамдық шектеуін қайта қарау талап етілді
Фото: istockphoto.com
128
оқылды

Не болды?

Петициялар порталында Алматыдағы кикшеринг қызметіне қойылған жылдамдық шектеулерін қайта қарау туралы бастама жарияланды. Бұл туралы Aikyn.kz Bes.Media-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Авторлар веложолақтарда рұқсат етілген жылдамдықты қайтадан 25 км/сағ деңгейіне дейін көтеруді сұрайды. Құжатта қазіргі таңда кикшерингке арналған жылдамдық шектеулері веложолақтарда 15 км/сағ, қала бойынша негізгі шектеу 10 км/сағ, ал мектептер, ауруханалар мен балабақшалардың маңында 6 км/сағ екенін айтылады. Петиция авторлары мұндай шектеулерді шамадан тыс деп санайды.

Неліктен авторлар қарсы?

Негізгі уәждердің бірі – Алматының жер бедері. Петицияда биіктік айырмашылығына байланысты электрсамокаттардың өрге көтерілгенде қозғалтқыштың қуаты мен қосымша жылдамдық қоры қажет екені көрсетілген. 

Авторлар не талап етеді?

Петиция авторлары:

– бөлінген веложолақтар мен велосипед жолақтарындағы жылдамдықты 25 км/сағ дейін арттыруды;

– тротуарлар мен жолдың жүру бөлігіндегі негізгі жылдамдық шектеуін қайта қарап, оны 15-20 км/сағ деңгейінде белгілеуді;

– ал 10 км/сағ шектеуін жаяу жүргіншілер көп шоғырланатын аймақтарда ғана сақтауды ұсынады.

Қазақстанда электрсамокаттарға қатысты жаңа ережелер 1 шілдеден бастап күшіне енді. Енді пайдаланушылар негізінен веложолақтармен немесе велосипед жолақтарымен жүруге міндетті. Егер мұндай инфрақұрылым болмаса, жолдың оң жақ шетімен қозғалуға рұқсат етіледі.