Ақбаян Мұқанғалиева ата-анасы мен бауырларын өлтірген бұрынғы күйеуінің әрекеті үшін заң алдында жауап бермейді
Жангелдин трагедиясы: Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды
158
оқылды

Атырау облысының Жангелдин ауылында болған қанды оқиғаға Ақбаян Мұқанғалиеваның қатысы жоқ болып шықты. Оған қатысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы облыс прокурорының көмекшісі Айсұлу Сүлеймен мәлімдеді, - деп хабарлайды Aikyn.kz Аlmaty.tv-ге сілтеме жасап.

Бұған дейін Ақбаян Мұқанғалиеваға «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Кейін тергеу барысында оған бұрынғы күйеуінің қылмысын жасырды деген күдік келтірілген.

Алайда тергеу нәтижесінде оның әрекеттерінен қылмыстық құқықбұзушылық белгілері анықталмаған. Осыған байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылды.

«Тергеп-тексеру нәтижесі бойынша Мұқанғалиеваның іс-әрекетінде Қылмыстық кодекстің 434-бабында көзделген құқық бұзушылық белгілері дәлелденбегендіктен, 2026 жылғы 24 маусымда Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармағына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылды», – деді облыс прокурорының көмекшісі Айсұлу Сүлеймен.

Осылайша, Ақбаян Мұқанғалиева ата-анасы мен бауырларын өлтірген бұрынғы күйеуінің әрекеті үшін заң алдында жауап бермейді. Қазір ол денсаулығына байланысты Атырау қаласында ем қабылдап жатыр.