Тарихи өлке Патшалар жазығында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі саналатын ақын Ақтан Нұрбаевтың 100 жылдығына арналған «Төр Алтай Ақтанын жырлайды» атты поэзия кеші өтті, - деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. Ал дәл сол күні түсте Ақтан Нұрбаевтың рухына Құран бағыштап, ас берілген еді.
«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі аясында ұйымдастырылған рухани іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағының өкілдері, еліміздің әр өңірінен келген ақын-жазушылар, мәдениет қайраткерлері мен өнерсүйер қауым қатысты.
Кеш ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильмнің көрсетілімімен басталды. Одан кейін Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, фестивальдің ресми ашылуы өтті. Іс-шара барысында Ақтан Нұрбаевтың әдеби мұрасы мен қазақ поэзиясына қосқан үлесі кеңінен насихатталды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ақтан Нұрбаевтың шығармалары туған жерге деген сүйіспеншілік пен ұлттық рухты дәріптейтін құнды мұра екенін атап өтті.
Кештің ең тартымды бөлігінің бірі – еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақындардың поэзиялық дуэль форматындағы жыр сайысы болды. Ербол Алшынбай, Индира Кереева, Шерхан Талап, Ділдә Уәлибек, Мақсат Дауылбайұлы, Айбек Оралхан, Піржан Сандыбай, Әскерхан Ақтай, Мұратхан Кенжеханұлы, Олжас Керейхан, Оразай Жеңісұлы, Қызырбек Дүргінбай, Есенбол Нақтыбай, Естай Жаңабайұлы және Құмар Зиятхан туған жер, Алтай, Берел қорымы, ұлттық рух және Ақтан ақынға арналған жырларын орындап, еркін тақырыптағы өлеңдерін де оқыды.
Поэзия кешін белгілі ақын Қалқаман Сарин жүргізіп, қатысушылардың шығармашылық ерекшеліктеріне тоқталды. Сондай-ақ Ақтан Нұрбаевтың сөзіне жазылған әндер шырқалып, облыстық филармония әртістері мен танымал әншілер көрерменге ерекше концерттік бағдарлама ұсынды.
Фестиваль қорытындысында Қазақстан Жазушылар одағының өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әлібек Қаңтарбаев осындай әдеби жобалардың ұлттық руханиятты дамытудағы маңызына тоқталды.
Салтанатты кеш соңында фестивальге қатысқан барлық ақынға 500 мың теңге көлеміндегі сертификат табысталды. Бұл іс-шара Ақтан Нұрбаевтың шығармашылық мұрасын ұлықтап қана қоймай, қазіргі қазақ поэзиясының жаңа буынын бір сахнада тоғыстырған тағылымды әдеби мерекеге айналды.
Алтынбек МЕРСАДЫҚ
