Ең алғаш бұл мәселе кенттегі Желтоқсан көшесі №28 тұрғын үйден басталғанымен, бүгінде оған көршілес көпқабатты үйлердің тұрғындары да шағым айтып отыр. Бұрын бір подъезде ғана сезілген жағымсыз иіс қазір бәріне тараған. Кейде кәріз құдықтары толып, лас су жертөлеге жайылады. Мұндай көрініс тұрғындардың тұрмысын қиындатып қана қоймай, денсаулығына да қауіп төндіріп отыр.
Тұрғындардың «тілегі»
Тұрғындардың айтуынша, кәріз құдықтарының жиі бітелуі қалыпты жағдайға айналған. Әр жолы арнайы мекеме келіп құдықтарды тазалағанымен, араға аз уақыт салып мәселе қайта қайталанады. Сондықтан халық уақытша тазалау жұмыстары мәселені шешпейтінін айтады.
«Біз көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары ретінде бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан күрделі мәселеге байланысты көмек сұраймыз. Нақтысын айтсам, үйіміздің кіреберісінде (подъезде) кәріз жүйесінен шығатын жағымсыз иіс үздіксіз сезіледі. Иістің күштілігі соншалық, пәтерлерде тұрмыс кешу мүмкін болмай қалды. Терезе ашқанның өзінде жағымсыз иіс кетпейді. Бұл жағдай ұзақ уақыттан бері жалғасып келеді. Аталған мәселе бірінші кезекте тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Яғни көпшілігіміздің басымыз ауырып, өзімізді жайсыз сезінеміз. Әсіресе, балалар мен қарт адамдар үшін бұл үлкен қауіп тудыруда. Осыған байланысты жауапты мекемелерден кәріз жүйесіне жан-жақты тексеру жүргізіп, ақауларды анықтап, мәселені мүмкіндігінше қысқа мерзімде шешуді сұраймыз. Тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін ескеріп, бұл мәселеге бейжай қарамай, нақты шаралар қабылдайды деп сенеміз», – дейді кент тұрғыны Гүлзипа Сарбалаева.
Оның сөзінше, тұрғындар бірнеше жылдан бері түрлі мемлекеттік органға шағымданып келеді. Оның ішінде Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметіне, облыстық басқармаларға, тіпті Президент Әкімшілігіне дейін хат жолданған. Алайда халық нақты нәтиже көрмегенін айтады.
Шағым негізінде Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары тексеру жүргізіп, тазалау жұмыстарын ұйымдастырған. Бірақ көп ұзамай кәріз құдықтары қайта бітеліп, жағымсыз иіс бұрынғыдай тарала бастаған.
«Қазалы ауданының Әйтеке би кентіндегі Желтоқсан көшесі, 28 үйде тұрамын. Біз тұратын үш бесқабатты тұрғын үйдің кәріз жүйесіне «Қазалы су сервис» мекемесі қызмет көрсетеді. Алайда осы аумақтың кәріз желілері мен құдықтарына 36 жылдан бері күрделі жөндеу де, жаңғырту да жүргізілмеген. Соның салдарынан кәріз құдықтары жиі бітеліп, жағымсыз иіс подъездерге тарайды. Үйімізде таза ауамен тыныстаудың өзі қиын болып кетті. Осы жағдайға байланысты аудандық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына шағымданып, фото-дәлелдерімді жібердім. Мамандар келіп, тиісті жұмыстарды атқарғанымен, мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Қазір де құдықтар жиі бітеледі, ал жағымсыз иіс қайта-қайта шығып тұрады. Біз уақытша тазалау жұмыстарын емес, 36 жылдан бері жаңартылмаған кәріз жүйесін толық жөндеп, жаңғыртуды сұраймыз. Өйткені бұл жай ғана тұрмыстық қолайсыздық емес, тұрғындардың денсаулығына, санитариялық жағдайға және өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін мәселе. Сондықтан жауапты мекемелер тұрғындардың үнін естіп, мәселені созбалаңға салмай, нақты шешім қабылдайды деп үміттенеміз», – дейді кент тұрғыны Төлеуғазы Есмамбетов.
Тұрғындардың пікірінше, мәселе тек Желтоқсан көшесімен шектелмейді, кенттегі Счастнов және Жанқожа көшелеріндегі кәріз құдықтары да жиі бітеледі. Бұл инженерлік желілердің жалпы жағдайының нашар екенін көрсетіп отыр.
«Әйтеке би кентіндегі Счастнов көшесінің тұрғынымын. Өзім 5-қабатта тұрсам да, екі жылдан бері кәрізден шыққан күлімсі иіс өкпені қабады. Әсіресе, жаз мезгілінде таңғы сағат 7-8, қысқы күндері 8-9 аралығында су айдаған сәттері қатты сезіледі. Ауық-ауық тереземізді ашып, иісті кетіруге мәжбүрміз. Екі жылдан бері тиісті орындарға талай өтініш тастадық. Тіпті екі-үш мәрте ақылы түрде канализацияның суын тартқызып, тазалау жұмыстарын жүргіздік. Бірақ бәрібір күлімсі иістен арыла алмай отырмыз. Біздің өтінішімізге құзырлы орындардың алаңдап отырғаны да байқалмайды. Аталмыш аумақ халқы бұл келеңсіздікті жедел түрде шешуді талап етеміз», – дейді тағы бір тұрғын Айгүл Байқадамова.

Күтуден басқа қайыр жоқ
Осы мәселеге байланысты Қазалы ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі өз ұстанымын білдірді. Ресми мәлімет бойынша, бөлім басшысының міндетін атқарушы, «Қазалы Су Сервис» мекемесі басшысының міндетін уақытша атқарушы және КСК өкілдері тұрғындармен кездесіп, жағдайды зерделеген.
Бөлімнің мәліметінше, жағымсыз иістің басты себебі – бұған дейін кәріз суының жертөлеге жиналып, ылғалдың сақталуы байланысты болса керек. Сол себепті иіс подъездерге тарай бастаған. Жауапты мекеме бүгінде жертөлеге топырақ төселіп, хлорлау жұмыстары жүргізілгенін хабарлады. Мамандардың айтуынша, жертөле толық құрғағаннан кейін жағымсыз иіс біртіндеп жойылады. Сонымен қатар бұл мәселе тұрақты бақылауда екенін алға тартты.
«Ресми мәліметке сәйкес, жағымсыз иістің негізгі себе-бі – бұған дейін кәріз суының жертөлеге өтіп, онда ылғалдың жиналуынан туындап отыр. Соның салдарынан жертөледегі иіс подъездерге тараған. Осыған байланысты тұрғындарға жертөледегі ылғалдың толық кебуіне белгілі бір уақыт қажет екені түсіндірілген. Қазір жертөледе иістің алдын алу мақсатында топырақ төсеу және хлорлау жұмыстары жүргізілді. Жауапты мекеме аталған шаралардың нәтижесінде жағымсыз иіс біртіндеп жойылады деп күтілетінін, ал мәселе бөлімнің тұрақты бақылауында екенін хабарлайды», – дейді бөлімнің жазбаша жауабында.
Алайда тұрғындар бұл түсіндірмені жеткіліксіз деп санайды. Өйткені олар үшін басты мәселе – иісте емес, оның үздіксіз қайталана беруінде болып тұр. Егер тозған инженерлік желілер толық жаңартылмаса, бүгінгі тазалау жұмыстары бұл түйткілдің ертең тағы да қайталанбайтынына кепіл бола алмайды.
Негізінен коммуналдық инфрақұрылымның тозуы еліміздің көптеген өңіріне тән мәселе. Сарапшылардың пікірінше, кәріз желілерінің қызмет ету мерзімі аяқталған жағдайда оларды кезең-кезеңімен жаңғырту қажет. Әйтпесе, келеңсіз жағдайлар жиілеп, санитариялық қауіп арта түсетіні айтылады.
Әйтеке би кенті тұрғындарының дәл қазіргі сәттегі талабы да осы. Олар жауапты мекемелерден уақытша шаралар емес, инженерлік желілердің техникалық жағдайына толық сараптама жасап, күрделі жөндеу немесе толық жаңғырту бағдарламасын әзірлеуді сұрайды.
Қазір жауапты мекемелер мәселенің бақылауда екенін айтқанымен, тұрғындар нәтижені сөзден емес, нақты істен күтеді. Сондықтан Әйтеке би кентіндегі түйткілді уақыт созбай шешу – тек үш үйдің ғана емес, жалпы халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін маңызды екенін қаперге алған абзал.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы
