Қостанайда еліміздің конституциялық реформаларының жаңа кезеңіне арналған «Халықтық Конституция: сенімді болашақтың бас­тауы» атты ғылыми конференция өтті. Ауқымды жиынға заң ғылымының өкілдері, Парламент депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер, сарапшылар мен азаматтық қоғам мүшелері қатысып, жаңа Конституцияның құқықтық жүйені жаңғыртудағы және мемлекеттік басқаруды жетілдірудегі рөлін жан-жақты талқылады.
Конституциялық реформа – болашақ бастауы
113
оқылды

Конференцияның ашылуында Қостанай облысының әкімі Құ­мар Ақсақалов жаңа Конституция­ның қоғам дамуына тың серпін бер­генін атап өтті. Оның айтуын­ша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны құқықтық нормалар жиынтығы ғана емес, елдің даму құндылық­та­ры мен стратегиялық бағытын ай­қындайтын қоғамдық келі­сім­нің негізі ретінде бағалайды. 

«Президент Конституцияның мызғымас болуы  мықты мемле­кеттің, заң үстемдігі мен әділетті қоғамның басты кепілі екенін бірнеше рет атап өтті», – деді Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімі өңірдің әлеумет­тік-экономикалық дамуындағы оң өзгерістер жүргізіліп жатқан реформалардың нақты нәтижесі екенін айтты. Оның сөзінше, Қос­танай облысы ұлттық мақсат­тарға қол жеткізуге елеулі үлес қосып келеді. Өнеркәсіп пен ауыл ша­р­уа­шылығының қарқынды дамуы, инвестиция көлемінің артуы және инфрақұрылымның жаңғыртылуы нәтижесінде өңір соңғы үш жыл бойы тұрақты өсім­ді сақтап, әлеу­меттік-эконо­ми­ка­лық даму көр­сеткіштері бойынша еліміздің үздік он өңірінің қата­рына енді.

Аймақ басшысы алдағы ре­формаларды табысты жүзеге асы­ру үшін жүйелі жұмыс пен уақыт қажет екенін, сондай-ақ әрбір азаматтың жоғары жауапкершілігі ерекше маңызға ие екеніне тоқ­талды. «Әділетті әрі қуатты мем­лекет құру Конституцияны құр­мет­теуден, заң талаптарын бұл­жыт­пай орындаудан және әр азаматтың белсенді азаматтық ұстанымынан басталады», – деді Құмар Ақсақалов.

Конституциялық комиссия мүшесі, заң ғылымдарының док­торы Үнзила Шапақ реформалар­дың жүзеге асырылу кезеңдеріне жан-жақты тоқталды. Оның ай­туынша, алғашқы кезеңде жаңа Конституция талаптарына сәйкес келетін құқықтық база қалыптас­тырылып, маңызды конституция­лық заңдар қабылданды. Қазір реформалар екінші кезеңге өтіп, жаңа конституциялық модель мемлекеттік басқару жүйесінде нақты жүзеге асырылып жатыр.

«Қазір реформа екінші кезеңге өтті. Енді жаңа конституциялық модель мемлекеттік басқару жү­йесінде нақты іске асырылып жа­тыр», – деді заң ғылымдарының докторы.

Конституциялық комиссия мүшесі, республикалық адвокат­тар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев Конституциядағы бірқатар өзгерістің тарихи әрі құ­қықтық мәніне тоқталды. Оның айтуынша, жаңа редакциядағы әрбір тұжырымның астарында мемлекет тарихы мен ұлттық са­бақтастық жатыр.

«Бұрынғы Конституцияда «мем­лекеттілігімізді құра отырып» делінсе, жаңа редакцияда «мем­лекеттілігімізді нығайта отырып» деген тұжырым қолданылды. Бұл – қазақ мемлекеттілігінің ғасыр­лар бойғы тарихын мойындайтын маңызды құқықтық ұстаным», – деді ол.

Сонымен қатар спикер білім беру ұйымдарының зайырлы си­патының Конституция деңгейінде бекітілуі мен адвокатура инсти­тутының конституциялық мәр­тебеге ие болуы азаматтардың құ­қықтарын қорғауды күшейтетін маңызды қадам екенін атап өтті.

Конференция барысында цифрлық қауіпсіздік пен жеке де­ректерді қорғау мәселелері де кө­терілді. Цифрлық құқық жөнін­дегі сарапшы Екатерина Смыш­ляева жаңа заңнамалық өзгерістер азаматтардың цифрлық құқық­тарын қорғауға бағытталғанын айтты.

«Азаматтар өздерінің қандай жеке деректері интернетте ашық қолжетімділікте жүргенін арнайы мемлекеттік сервис арқылы тек­сере алады. Сонымен қатар био­ме­триялық мәліметтерді қорғау талаптары күшейтіледі», – деп атап өтті.

Өңірлік басқару мәселелеріне тоқталған облыстық мәслихаттың төрағасы, Конституциялық ко­миссия мүшесі Сайлаубек Ещанов жаңа Конституция халық еркіне негізделген ел дамуының жаңа моделін қалыптастырғанын атап өтті.

«Кез келген Конституцияның тиімділігі тек оның мәтінімен ғана емес, күнделікті өмірде қанша­лықты жүзеге асатындығымен өлшенеді. Біздің ортақ міндетіміз – жаңа заңды өмірлік тәжірибеге енгізіп, құқықтық мемлекетті іл­герілету», – деді ол.

Конференцияның ғылыми бө­лімінде жоғары оқу орында­рының профессор-оқытушылары мен заңтанушы ғалымдар конс­титуциялық реформалардың ғы­лыми-құқықтық негіздері жө­­нінде баяндамалар жасады. Са­рап­шылар Конституцияның мем­ле­кеттік басқару жүйесін же­тілді­рудегі, құ­қық қолдану тә­жіри­бесін да­мы­тудағы және заң үстемдігін қамта­ма­сыз етудегі ор­ны туралы өз зерт­теулерін орта­ға салды.

Жиын қорытындысында қа­тысушылар жаңа Конституция­ның тиімділігі оның құқықтық нормаларымен ғана емес, олар­дың қоғам өмірінде нақты жүзеге асырылуымен өлшенетінін атап өтті. Заңды құрметтеу, азамат­тар­дың құқықтық мәдениетін қалып­тастыру және мемлекеттік инсти­туттардың жауапкершілігін арт­­тыру – әділетті әрі қуатты Қа­зақстанды қалыптастырудың басты кепілі екені айтылды. 

М.Төлеу