Оларға шамамен 430 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
«Бурабай» ұлттық паркінде кәуап пісірген астаналықтарға 430 мың теңге айыппұл салынды
140
оқылды

Астана қаласының екі тұрғыны «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында рұқсат етілмеген жерде от жағып, кәуап қуырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оларға шамамен 430 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Заң бұзушылық ұлттық парк инспекторлары мен табиғатты қорғау полициясы жүргізген бірлескен рейд кезінде анықталған. Ұлттық парк әкімшілігі өрт қаупі жоғары кезеңде арнайы жабдықталған орындардан тыс жерде от жағуға қатаң тыйым салынатынын ескертті.

Парк аумағында демалушыларға арналған 50 арнайы пикник аймағы бар. Мангал қолданып, тағам әзірлеуге тек осы орындарда ғана рұқсат етіледі.

Соңғы рейд барысында жалпы 16 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың арасында орманға автокөлікпен заңсыз кіру, арнайы орыннан тыс шатыр тігу, рұқсатсыз туристік қызмет көрсету, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу және қоғамдық орында алкоголь ішу деректері тіркелген.

Сонымен қатар полиция курорттық аймақта жол қозғалысы ережесін бұзудың 80 фактісін анықтады. Олардың қатарында қауіпсіздік белдігін тақпау, көлік жүргізіп келе жатып телефон пайдалану, мас күйінде көлік басқару және өзге де заң бұзушылықтар бар.

Ұлттық парк аумағында табиғатты қорғауға бағытталған күшейтілген рейдтер маусым бойы жалғасады.