Қазақстандық банктердің «өте табысты жұмыс істейтіні» белгілі. Былтырдың өзінде 3 трлн теңге таза пайдаға кенелген. Бірақ ол табыстың қалай келіп жатқаны да әмбеге аян.
Триллиондық табыс, өтелмеген берешек
171
оқылды

Халықтың нақты табысы, төлем қабілеті деген параметрлер төмен деңгейде болғанына қарамастан біздегі қаржы ұйымдары пайыздық мөлшерлемесін сол күйі жоғары ұстап келеді.  Сөйте тұра, мемлекеттен бірнеше қайтара қаржылай қомақты көмек алған банктер әлі күнге сол берешегін өтей алмай келеді. Жыл басындағы дерек бойынша қарыз қалдығы бір триллион теңгеден асады. 

Естеріңізде болса, 2017 жылы қаржы­лық тұрақтылықты арттыру деген бағдарламамен бірнеше банк: Еуразиялық банк, ЦентрКредит Банкі, Bank RBK, Jusan Bank (қазіргі атауы – Alatau City Bank) мемлекетке қол жайған еді. Кейін 2020 жылы Nurbank те мемлекеттік қолдауға ие болды. Оның алдында 2015 жылы «Қаз­ком­мерцбанк» сондай көмек алған. Кейін оны Halyk Bank сатып алды да, қарызы да мұрагерлікпен жаңа ұйымға өтті. Ол уақыттағы «Қазақстанның банк секторын сауықтыру» деген бағдарлама есімізде. Бұған бейжай қарап отыра алмаған мемлекет қарызды қайтару қамына кірісіп, 2023 жылы заңға талап енгізді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі балансында мемлекеттік қолдау қаражаты бар банктерге дивиденд төлеуге шектеу қойды. Ал 2025 жылы мүлде тыйым салды. 

Бірінші миллиардердің қарызы бәрінен көп

Соған сай жуырда Alatau City Bank мемлекеттен алған 125,3 млрд теңге көлеміндегі қаржылық көмекті мерзімінен бұрын қайтаратынын мәлімдеді. Мұндай шешімді банктің директорлар кеңесі 2026 жылғы 29 маусымда қабылдаған. Сол шешімге сай банк секторын мемле­кеттік қолдау бағдарламалары аясында орналастырылған облигация­ларды мерзімінен бұрын өтемек. Бұған дейін банк мемлекетке 150 млрд теңге аударған болатын. Соған қарамастан, аталған қаржы ұйымы мемлекет алдын­дағы ең ірі борышкерлердің бірі болып қала бермек. 

Жалпы, әдепкіде мемлекетке қол жайған 7 бірдей қаржы ұйымының бүгінде үшеуі қалған. Жыл басындағы жағдай бойынша банктердің жалпы берешегі 1,1 трлн теңге болса, соның басым бөлігі, яғни 950 млрд теңгесі осы Alatau City Bank-ке тиесілі. Alatau-дың бұрынғы «АТФ» пен «Цеснабанктің» қосындысынан пайда болғанын айта кетейік. Сөйтіп, екеуіне тиесілі қарыз жаңадан құрылған қаржы институтының мойнына артылды. Одан бөлек, Еуразиялық банк мойнындағы 120 млрд және Nurbank 42,3 млрд теңгесін төлеп жатыр. 

Айта кететін бір жайт, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің заңға енгізген талабын сөз етіп отырған банк былайша орындайтын болды. Олар 2024 және 2025 жылдардың қорытындысы бойынша жай акцияларына бірден екі жылға 123,4 млрд теңге көлемінде диви­денд төлемек. Ал банктің 164 млн жай акциясы United Group Alatau компания­сының иелігінде. Бұл ком­паниялар тобы Вячеслав Кимге қарайды. Оған қоса, артықшылықты акциялар бойынша да бірден екі жылдың ақысы – 1,9 млрд теңге дивиденд таратылмақшы. Сайып келгенде, Вячеслав Кимнің қалтасына жай акциялар арқылы түсетін қаражат көлемі банктің мемлекетке қайтаратын кезекті траншына бара-бар. 

Соған қарамастан Alatau City Bank әлеуетін құлдыратып алған жоқ. Еліміздегі маңдайалды деген банктердің қатарынан түспей келеді. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының биылғы 1 шілдедегі мәліметі бойынша, еліміздегі қазір жұмыс істеп жатқан 21 банктің ішінде 7-орында тұр. Мұндай рейтингті Moody's халықара­лық беделді рейтинг агенттігі бағалап берген. 

Банктердің қалтасы қалыңдап келе жатқанын меңзеген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та соңғы бірер жылдықта олардың экономикаға лайықты ақша құймайтынын айтып, талай сынап келеді. Соңғы рет 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да осы банктерге тікелей қадалған болатын. Мемлекет басшысының сөзінше, бүгінде еліміздің қаржы нарығындағы жиынтық активтердің 84%-ы банк саласына тиесілі. Дегенмен бизнеске берілетін қарыз үлесі төмен деңгейде қалып, 38%-ды құрап отыр. Ал екінші деңгейлі банктер былтыр «шыбық басын сындырмай», еш қиналмастан 3 трлн теңгеге жуық табыс тапқан. 

«Банктер экономиканың негізгі қаржыландыру көзі ретінде өзінің заңды рөліне оралуы үшін жағдай жасау қажет деген сөз талай рет айтылды. Бірақ сылтау таусылмайды. Нәтижесінде банк жүйесіндегі алаяқтық әрекеттерге куә болдық. Ірі, жүйе құраушы банктер мемлекет тарапынан орасан зор көмек берілгеніне қарамастан, дағдарысқа ұшырап, тура мағынасында 1 долларға сатылды. Қазір банктердің өзіне тартатын қаржы ресурстарының құны жоғары деген әңгіме айтыла бастады. Олардың экономиканы қаржыландыруына осы кедергі келтіріп отыр-мыс. Тағы да қайталап айтамын: бұл ретте Үкімет пен Ұлттық банктің жүйелі, үйлесімді әрі кәсіби тұрғыда жұмыс істегені маңызды. Халықаралық валюта қорының кеңесіне құлақ асып, түрлі терминологияны оңды-соңды қолдануға аса көп ақылдың қажеті жоқ. Аздап ойланып, тым болмаса көптеген түйткілді шешуге талаптанып көру, бұл – басқа мәселе», – деген еді Президент.

Қарыз бен курс

Экономист Арман Батаев Alatau City Bank-тің басындағы жағдайды былай түсіндіреді. Оның айтуынша, банк мерзімінен бұрын қайтарудың салдарынан бухгалтерлік шығынға батуы мүмкін. Әлбетте, бұл таза шығынға ұшырады деген сөз емес. Әйтсе де, белгілі бір дең­гейде жеке қаражатын азайтуы ғажап емес. 

Әңгіме сол Ұлттық банктің 2017 және 2019 жылдары «АТФ Банк» пен «Цеснабанкке» көрсеткен мемлекеттік қолдауы туралы болып отыр. Кейін осы екі банктің негізінде қазіргі Alatau City Bank құрылды. Бас банк сонда обли­гациялық қарыздар берген болатын. Бұл облигациялар бойынша купондық мөл­шер­леме – жылына небәрі 0,1%. Олардың үшеуінің өтеу мерзімі 2034 жылы, ал тағы біреуінікі 2040 жылы аяқталуға тиіс.

Айта кету керек, Alatau City Bank 2034-2040 жылдары өтеу мерзімі белгіленген облигацияларды дәл осындай 0,1% мөлшерлемемен былтыр қыркүйекте 50 млрд теңгесін төлеп, мерзімінен бұрын құтылған болатын. Соның салдарынан банк айтарлықтай бухгалтерлік шығынға ұшырады. Сол айда банктің таза шығыны 27,6 млрд теңгені құраған. 

«Енді 125,3 млрд теңге көлеміндегі жеңілдетілген облигацияларды мерзімінен бұрын өтеу шамамен 100 млрд теңге көлеміндегі бухгалтерлік шығынға алып келуі мүмкін. Мұнда ақшалай шығын емес, бухгалтерлік шығын туралы сөз болып отыр. Соған қарамастан, бұл банктің меншікті капиталына тікелей әсер етеді және жеңілдетілген облига­цияларды мерзімінен бұрын өтеп жат­қандықтан капиталы азаюы мүмкін»  – дейді экономист.

Назар аударатын тағы бір жайт, шынымен-ақ банктің осынша көлемде қарызын бірден өтеп тастайтындай жағдайы бар ма еді? Ұлттық банк мәліметіне қарасақ, мамырдың соңындағы жағдай бойынша Alatau City Bank-тің 61,6 млрд теңге қолма-қол және коррес­понденттік шоттарда 211,1 млрд теңге қаражаты бар. Бұлардан бөлек, басқа банктерде 135,4 млрд теңге депозиттері болған.

«Осындай қомақты қарызды бір мезетте өтеу банктің өтімділігіне әсер етуі мүмкін екені анық. Сондықтан менің болжамымша, банк не өзінің қазына­шылық (инвестициялық) портфелінің бір бөлігін сатады, не қосымша қаражат тарту үшін жаңа облигациялар шығарады. Сондай-ақ мұндай облигацияларды банктің акционері сатып алуы да мүмкін. Осы тектес жағдайды бұған дейін RBK Bank мемлекеттік қолдауды мерзімінен бұрын өтеу кезінде қолданған», – дейді сарапшы. 

Дегенмен ескеретін және бір жағдай, сарапшылардың айтуынша, банктер алғаш 2015 жылы мемлекеттен қарыз алғанда доллар курсы – 180 теңге болған еді. Ал енді ақшаны қайтаратын шақта теңгелей төлеп, АҚШ валютасының курсы есепке алынбай отыр. Орасан миллиардтар ауыз толтырып айтқанға жақсы. Алайда мемлекет берген қара­жаттың нақты құны деген мәселе әлі күнге айтылмай келеді. 

Ербол ТҰРЫМБЕТ