Қазақстанда 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Осыған орай цифрлық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру шеңберінде «Қазпошта» АҚ 216 ауылдық бөлімшені Starlink спутниктік технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернетке қосты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жоба Қазақстанның 12 өңіріндегі ауылдық елді мекендерді қамтыды. Ең ауқымды қосылу жұмыстары Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарында жүргізілді. Ақмола облысында Аршалы ауданындағы Бұлақсай және Жақсы ауданындағы Ишимское ауылдары тұрақты интернетке қол жеткізді.
Starlink технологиясын енгізу шалғай елді мекендердегі байланыс сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді. Корпоративтік ақпараттық жүйелердің тұрақты жұмысы үшін деректерді беру жылдамдығы 20 Мбит/с дейін қамтамасыз етілсе, ауыл тұрғындары мен клиенттер үшін бөлімшелерде 350 Мбит/с дейінгі жылдамдықпен тегін Wi-Fi қолжетімді болды.
Жоба ауылдық пошта желісін цифрлық трансформациялауға, байланыс арналарының сенімділігін арттыруға және тұрғындардың заманауи мемлекеттік, қаржылық, пошталық және цифрлық қызметтерге қолжетімділігін кеңейтуге ықпал етеді.
«Қазпошта» еліміздің барлық өңірлеріндегі тұрғындарға сапалы қызметтерді қолжетімді ету үшін заманауи технологияларды енгізуді жалғастыруда.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
