Үкімет отырысында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Бюджеттің орындалу нәтижелері мен Қаржы министрлігінің негізгі жұмыс бағыттары туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушысы Ержан Біржанов баяндады.
Трансферттерді есепке алмағанда республикалық бюджет кірістері 8,5 трлн теңгені құрап, жоспар 100,6%-ға орындалды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда кірістер 1,7 трлн теңгеге немесе 24,6%-ға ұлғайды. Салық түсімдері 8,3 трлн теңгеге жетіп, жоспар 100,3%-ға орындалды. Өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда олардың көлемі 29%-дан астамға немесе 1,9 трлн теңгеге ұлғайды.
Кірістердің өсуіне қолайлы сыртқы экономикалық ахуал, сыртқы сауда белсенділігінің артуы, салық базасының кеңеюі, сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыру шаралары оң ықпал етті.
Қаржы министрлігінің басым бағыттарының бірі – экономиканың ашық секторын кеңейту. «Халық бухгалтері» акциясы аясында 61 мыңнан астам салық төлеушіге консультациялық көмек көрсетілді. «Таза парақ» бастамасы шеңберінде 19 мың шағын және микробизнес субъектісінің 9,3 млрд теңге көлеміндегі өсімпұлдары мен айыппұлдары есептен шығарылды.
Сонымен қатар есепті кезеңде бұрын тіркеу есебінде болмаған шамамен 546 мың жеке тұлға заңдастырылды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қоса алғанда, бизнес субъектілерінің саны 2,9 миллионға жетіп, жыл басынан бері 499 мыңнан астамға өсті. Қосылған құн салығын төлеушілер саны 22,3 мыңға артып, 158,2 мыңға жетті. Бұдан бөлек, Үкімет 2026–2028 жылдарға арналған Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды бекітті.
Кедендік инфрақұрылымды жаңғырту және кедендік рәсімдерді цифрландыру бағытындағы жұмыстар да оң нәтиже беруде. Жаңғыртылған өткізу пункттері арқылы өткен автокөлік құралдарының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға артып, шамамен 900 мыңға жетті. Кедендік төлемдердің көлемі 2,4 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 400 млрд теңгеден астамға ұлғайды.
«Өткізу пункттерін жаңғырту бюджет кірістерін ұлғайтуға, адал бизнес үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға және еліміздің транзиттік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді. Келесі кезеңде кедендік процестерді одан әрі цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмыстары жалғасады», – деді Ержан Біржанов.
Мемлекеттік бюджет шығыстары 98,2%-ға, республикалық бюджет шығыстары 99,6%-ға орындалды. Зейнетақылар мен жәрдемақылар төлеуге 3,6 трлн теңге, өңірлерді қолдауға 3 трлн теңге, нақты секторды қолдауға шамамен 1,3 трлн теңге бағытталды.
Мемлекеттік аудиттің тиімділігін арттыру жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері 1,8 трлн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын қамтыған 541 аудиторлық іс-шара өткізілді. Нәтижесінде, 456 млрд теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар анықталып, оның 318 млрд теңгеден астамы жойылды. Сонымен қатар мемлекеттік аудиттің SMART AUDIT QAZAQSTAN бірыңғай талдамалық платформасы әзірленуде.
Үкімет отырысында әлеуметтік саланы цифрландыру жұмыстарының жалғасып жатқаны да атап өтілді. Бүгінде мемлекеттік және жекеменшік мектептердің 78%-ы цифрландырылды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаржыландыратын барлық медициналық ұйымдар Qalqan бірыңғай порталына қосылды.
Қаржы министрлігі мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз ету, бюджеттің кіріс әлеуетін нығайту, жалғастыру және Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы іске асыру бағытындағы жұмысты жалғастыратынын атап өтті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
