Сот үкімімен Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Еске сала кетсек, Сұлтан Сәрсемәлиев өзінің қайын жұртындағы 4 адамды қырып салған еді. Марқұм болғандар оның жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның әкесі Мақсот Қарабалин, анасы Нәсіп Өтешқалиева және олардың балалары Наурыз, Мейрамгүл Мұқанғалиевтар.
Сот отырысында айыпталушы Сәрсемәлиев отбасында туындаған келіспеушіліктер мен қайын жұртымен арадағы қарым-қатынасқа қатысты өз көзқарасын жеткізді.
Сұлтан Сәрсемәлиевтің жұбайы Ақбаянның денсаулығына байланысты қиын кезеңде қайын жұртымен арада түсініспеушіліктер жиілеген. Сол уақытта айтылған кейбір сөздер мен әрекеттер оның намысына тигенін айтты.
– Отбасымызға көп көмек көрсетілді, бірақ кейіннен оны қабылдамауға шешім қабылдадым. Себебі олардың қыздарын өздеріне жақын ұстауға тырысқанын байқадым. Ақбаян сырқаттанған кезде арамыздағы келіспеушіліктер күшейіп, отбасының ішкі мәселелеріне араласу әрекеттері болды, – деді ол.
Айыпталушының айтуынша, жұбайының денсаулығына байланысты туындаған қиындықтар мен отбасын сақтап қалуға деген талпыныс оған ауыр психологиялық салмақ түсірген.
– Сол кезеңде үлкен күйзелісті бастан өткердім. Ақбаянның жағдайы, отбасы үшін жауапкершілік және сырттан болған қысым жүйкеме әсер етті. Екі тарап та эмоцияға беріліп, шектен тыс әрекеттерге жол берді, – деп мәлімдеді Сәрсемәлиев.
Баян Жанұзақова
