Димаш Құдайбергеннің анасы Света Айтбаева Алтай өңірінде өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі туралы әсерін бөлісті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ол әлеуметтік желідегі парақшасында фестивальдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, табиғаты көркем Катонқарағайда өткен мәдени шараға жоғары баға берді.
«"Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі" фестиваліне келіп, Димаштың концертін көріп, халықтың даладай дарқан пейіліне риза болып елімізге қайтып барамыз. Түркі әлемінің тұтастығын әйгілеген мұндай деңгейдегі фестиваль, мойындау керек, Астана мен Алматыда жоқ. Тамаша табиғат, жайлы ауа райы және керемет ұйымдастыру жұмыстары естен кетпестей әсер қалдырды», – деп жазды Света Айтбаева.
Оның айтуынша, фестиваль аясында өткен концертке 50 мыңнан астам адам жиналып, өнерпаздарға ерекше құрмет көрсетті. Сондай-ақ ол Димаштың өнерін ықыласпен тыңдаған көрерменге алғысын білдірді.
Еске салайық, бұған дейін Димаш Құдайбергеннің ақын Жүрсін Ерманмен кездесуі әлеуметтік желіде қызу талқыланған болатын.
