Экономистердің айтуынша, қарызға батудың басты себептерінің бірі – қаржылық жоспардың болмауы. Азаматтар табысын ескермей несие алып, бірнеше банктен қатар қарыз рәсімдеу арқылы берешек жүктемесін арттырады.
Қарыздан құтылудың ең үздік тәсілі
173
оқылды

Мамандар алдымен барлық несиені толық есептеп, ең жоғары пайыздық мөлшерлемесі бар қарызды бірінші өтеуге кеңес береді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Сондай-ақ бұрын жоғары пайызбен алынған несиені қайта қаржыландыру мүмкіндігін қарастырған жөн. Алайда жаңа келісімшарттың талаптарын мұқият зерделеу қажет.

Сарапшылар қарызды жабу үшін жаңа несие алмауға шақырады. Бұл уақытша жеңілдік бергенімен, ұзақ мерзімде берешекті көбейтіп, «несие тұзағына» әкелуі мүмкін.

Бұдан бөлек, қажетсіз шығындарды қысқартып, сыйақы, бонус немесе қосымша табыстың бәрін несие өтеуге бағыттау ұсынылады. Қаржы мамандары ай сайынғы несие төлемі отбасы табысының 35–40%-ынан аспауы тиіс екенін айтады.

Сондай-ақ күтпеген жағдайларға дайын болу үшін 3-6 айлық шығынды жабатын қаржылық қор жинау маңызды. Психологтар эмоцияға беріліп немесе әлеуметтік желідегі өмір салтына еліктеп қымбат заттарды несиеге алмауға кеңес береді.

Мамандардың пікірінше, қаржылық тәртіпті сақтап, шығынды бақылау және жаңа қарыз алмау – несиеден құтылудың ең тиімді жолы.