Мұндай жаңашылдық енгізуге не түрткі болғаны да белгілі. Finprom сайтының дерек­тері­не сәйкес, Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдер банк карталары айналымының не­гізгі бөлігін құрайтын деңгейге жеткен.
Бірыңғай QR: берекесі мол бастама
133
оқылды

 Айталық, 2026 жылдың қаңтар-мамыр ай­ларын­да Қазақстан аумағында қазақстандық және шетелдік эмитенттер шығарған тө­лем карталары арқылы жүргізілген қолма-қол ақшасыз төлемдердің көлемі 73,5 трлн тең­геін құраған. Сонау 2016 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіш небәрі 462,1 млрд теңге ға­на болған еді. Осы аралықта 159 есе өсіп кеткен.

Алдағы жексенбіде еліміздің қаржы жүйесінде ерекше жаңалық болады. Былтырдан бері айтылып жүрген бірыңғай банкаралық QR жүйесі 19 шілдеден бастап толық іске қосылады. Оның ерекшелігі, сатып алушыларға кез келген банк қосымшасы арқылы төлем жасауға мүмкіндік береді. Әлбетте, оның сатып алушылар, яғни халық үшін өте тиімді болатыны түсінікті. Екінші жағынан, кәсіпкерлер үшін де пайдасы болмақ.

Елімізде бүгінде 21 банк жұмыс істейді десек, заңға енгізілген өзгеріс бойынша енді 19 шілдеден бастап солардың ішінде бөлшек төлемдерді қабылдайтындарының барлығы Банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне қосылуға тиіс. Жүйе әртүрлі банк­тің клиенттеріне телефон нөмірі арқылы ақша аударуға және QR-кодпен төлем жа­сау­ға мүмкіндік береді. Телефон нөмірі демекші, мұндай сервис бұған дейін де 2024 жылдан бері болып келген. Ал қазіргі QR төлем жүйесі сол сервистің жалғасы іспетті.  

Естеріңізде болса, былтыр 15 қарашада Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстан қаржыгерлерінің XII конгресінде пилоттық жоба ретінде ресми түрде іске қосқан еді. Сол уақытта осы жүйе арқылы ал­ғаш­қы төлем транзакциясын сәтті жасаған болатын. Бүгінде көптеген дүкен сатып алушыдан белгілі бір банктің қосымшасын ашуды сұрайды. Ал бірыңғай QR іске қосыл­ғаннан кейін мұндай қажеттілік болмайды. Әр адам күнделікті қолданатын кез келген банк қосымшасы арқылы төлем жасай береді. 

Қолма-қолсыз төлем ішінде QR үлесі көп

Мұндай жаңашылдық енгізуге не түрткі болғаны да белгілі. Finprom сайтының деректеріне сәйкес, Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдер банк карталары айна­лымының негізгі бөлігін құрайтын деңгейге жеткен. Айталық, 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстан аумағында қазақстандық және шетелдік эмитенттер шығарған төлем карталары арқылы жүргі­зілген қолма-қол ақшасыз төлемдердің көлемі 73,5 трлн теңгеін құраған. Сонау 2016 жылдың осы кезеңіндегі көрсет­кіш небәрі 462,1 млрд теңге ғана болған еді. Осы аралықта 159 есе өсіп кеткен.

Дегенмен қазір нарықтың өсу қарқыны айтарлықтай баяулаған. 2020 жылдың қаңтар-мамырында қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі бір жылда 2,6 есе артса, 2021 жылдан бастап осы аралықтағы өсім көрсеткіші биылға дейін бірқалыпты қарқын ұстап отырған. Сол бес жыл ішінде 3,2 есеге артыпты. Әйтсе де, кейінгі бір жылдағы өсім небәрі 3,9% болып отыр. Бұл үрдіс қолма-қол ақшасыз төлемдер нарығы қарқынды даму кезеңінен кемелдену кезеңіне өтіп жатқанын білдіреді, яғни қолданушылардың басым бөлігі бұл қадамды әлдеқашан жасаған.

Өңір бойынша бөліп қарасақ, қолма-қол ақшасыз төлемдердің негізгі бөлігі бұрынғысынша ірі қалаларда шоғырланған. Биылғы алғашқы үш айда Алматының үлесіне 37,2 трлн теңге, яғни елдегі жалпы көлемнің жартысынан астамы тиесілі болыпты. Екінші орында Астана (6,6 трлн теңге), үшінші орында Шымкент (4,6 трлн теңге). Сондай-ақ Түркістан облысында (2,5 трлн теңге), Алматы облысында (2,4 трлн теңге) және Қарағанды облысында (2,3 трлн теңге) жоғары көрсеткіш тіркелген. 

Осы кезеңде ең қарқынды өсіп жатқан сегмент QR-төлемдер болып отыр. Осыдан үш жыл бұрын бірінші тоқсанда олардың көлемі 1,5 трлн теңге болса, жыл сайын адымдап өсіп, осы жылы 8 трлн теңгеге бір-ақ жеткен. Ерекше айта кетерлігі, QR арқылы жасалған төлемдер көлемі жағынан екінші жыл қатарынан POS-терминалдар арқылы жасалған қолма-қол ақшасыз төлемдерден асып түсті. Бұл да QR-кодтың бүгінгі сауданың басты құралына айналып болғанына тағы бір дәлел. 

Комиссияның бәрі елде қалады

Ендігі мәселе, жаңа төлем жүйесі банк­терге қаншалықты тиімді және ол талапты сақтамаған жағдайда қаржы институттарына не болады? Ірі-ірі деген банктер осы уақытқа дейін өздерінің QR-кодтарын белсенді дамытып келгені белгілі. Клиентті көп тарту үшін сол арқылы төлем жасаған жағ­дайда біраз бонус пен кэшбэк ұсынумен болды. Енді Ұлттық банк қалыптасқан дәс­­түрді бұзып, тіпті ескерту де жасап отыр. 

Бұдан былай банктер клиенттерді тек өздерінің QR-кодын пайдалануға шақырып, үлкен бонус немесе кэшбэк арқылы қолдан ынталандырса, мұндай әрекеттер бірыңғай QR жүйесін айналып өту талпынысы деп бағалануы мүмкін. Бас реттеуші орган мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін мәлімдеді.

Айта кетейік, бірыңғай QR жүйесінің операторы – Ұлттық банкке қарасты Ұлт­тық төлем корпорациясы. Бұл ұйым бүгінде Банкаралық мобильді төлемдер жүйесін басқарады. Ескеретін бір жайт, бірыңғай QR – бұл бірыңғай төлем арнасы. Бірақ ол банктердің өз өнімдерін алмастырмайды, тек әртүрлі банктің экожүйелері арасындағы шектеулерден арылтады. 

Мәселен, бұған дейінгі дағды қалай еді? Бұрын банк картасымен төлем жасағанда ақша сатып алушының банкінен халық­аралық төлем жүйесіне (Visa, Mastercard және т.б.) өтіп, одан әрі сатушының банкіне барып түсетін. Осындай сауда тізбегіндегі әрбір қатысушы өз комиссиясын ұстап қалатын. Ал бірыңғай QR бұл тізбектен халықаралық төлем жүйелерін алып тастайды. Ақша сатып алушыдан Ұлттық төлем корпорациясы арқылы тікелей эк­вайер банкке және сатушыға түседі. Соның нәтижесінде, төлемдерге байланысты қаражат пен комиссиялар ел ішінде қалады.

Мамандардың айтуынша, жаңа төлем жүйесі іске қосылғаннан кейін жұрттың күнделікті тіршілігін айтарлықтай жеңілдете түсуге тиіс. Өйткені ол тек кәсіпкер мен тұтынушы арасындағы сауда құралы ғана емес, сонымен бірге түрлі қызмет ақысын төлеуге де қолдануға ыңғайлы құрал болмақ. Қарапайым тілмен айтқанда, барлық қаладағы ауруханаларда, мемлекеттік органдарда да төлемақы жасау үшін кезең-кезеңімен жолға қойыла бастайды.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, апта соңында жаңа төлем жүйесі жұртшы­лыққа арнайы таныстырылады. Ол тек банктер үшін ғана емес, басқа да түрлі төлем қабылдайтын ұйымдар үшін де жарай береді. Соның ішінде криптоәмияндар үшін де төлем құралына айнала алады. 

Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, криптосервистерді банк инфрақұрылымдарымен үйлестіру жұмыстары басталып кеткен. Бұл пайда­ланушыларға үлкен көмек болғалы тұр. Өйткені цифрлық активтер дәл сол уақытта кәдімгі ақшаға айырбасталады да, сосын оны тауарлар мен қызметтердің ақысын төлеуге жұмсай береді. Әзірге мұндай интеграциялар бағдарламалық қамтамасыз ету деңгейінде жүзеге асырылып жатыр және банктердің төлем терминалдары желі­сіне енгізілу үстінде.

Бекбол Амангелді