Биыл әлемнің 8 мемлекетінен 288 қазақ ба­ласы қасиетті қара шаңыраққа, атамекеніне аман-есен жетті. Бүгінде «Балдаурен» төрінде мәре-сәре болып жатқан жас өрендердің қа­та­рында Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Ре­сей, Қырғыз мемлекеті мен түрікмен, тәжік, Еу­ропа елдерінен келген балалар бар.
«Балдәурендегі» бақытты балалық
179
оқылды

 Бала­лар­дың басым бөлігі ата-аналарымен бірге кел­ген. Ұйымдастырушылар үшін ең бірінші ке­зектегі маңызды мәселе – қауіпсіздік. Шет­елден келген әр баланың аман-есен же­тіп, екі апталық танымдық демалыстан кейін өз елдеріне аман-есен оралуы қатаң бақылау­ға алынған.

Арқаның інжу-маржаны, Көкшетаудың баурайындағы әйгілі «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында шетелдегі қазақ диаспорасы балаларының басын қосқан «Атамекен» халықаралық балалар құрылтайы өз жұмысын бастады. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан бұл жоба жас ұрпақтың тарихи отанымен рухани байланысын бекітетін, ұлттық болмысты жаңғыртатын алтын көпір іспетті. 7-21 шілде аралығында өтетін басқосу әлемнің әр түкпіріндегі қазақ балаларының басын бір шаңырақ астына біріктіріп отыр.

Құрылтай аясында жолыққан балалар

Әуелде құрылтайға әлемнің 11 елінен үміткерлер шақырылған болатын. Алай­да шекарадан өту, ұзақ жол қатынасы мен құжат рәсімдеудегі кейбір ұйым­дас­тырушылық қиындықтарға байланысты Түр­кия, Иран және Ауғанстаннан келетін ба­лалар биылғы басқосуға қатыса алмады. 

Биыл әлемнің 8 мемлекетінен 288 қазақ ба­ласы қасиетті қара шаңыраққа, атамекеніне аман-есен жетті. Бүгінде «Балдаурен» төрінде мәре-сәре болып жатқан жас өрендердің қа­та­рында Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Ре­сей, Қырғыз мемлекеті мен түрікмен, тәжік, Еу­ропа елдерінен келген балалар бар. Бала­лар­дың басым бөлігі ата-аналарымен бірге кел­ген. Ұйымдастырушылар үшін ең бірінші ке­зектегі маңызды мәселе – қауіпсіздік. Шет­елден келген әр баланың аман-есен же­тіп, екі апталық танымдық демалыстан кейін өз елдеріне аман-есен оралуы қатаң бақылау­ға алынған.

Бұл халықаралық жобаның тұрақты түрде жү­зеге асырылуына Қазақстан Үкіметі қар­жы­лай қолдау көрсетіп, оның табысты өтуіне тұрақты түрде атсалы­сып келеді. Мемлекет жыл сайын арнайы қар­жы бөліп, шетелдегі этникалық қазақ ба­лаларына квота ұсынып отыр. 

Halyk қайырымдылық қорының бас­қарушы директоры Нариман Әбілшайықов бұл серіктестіктің маңызына тоқталып:

«Биылғы құрылтай – бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан серіктестіктің нақ­ты нәтижесі. Балалардың бұл сапардан жар­қын әсер алып қана қоймай, өздерінің қазақы болмысын тереңірек сезініп қайтуына жағдай жасау біздің басты мақсатымыз бол­ды. Өйткені ұлттық құндылық пен тарихи жа­ды – ұлттың болашағын айқындайтын ең маңыз­ды негіздің бірі», – деп атап өтті.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төра­ғасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков биылдан бастап құрылтайдың фор­маты өзгергенін, балаларға тек демалыс қана емес, үлкен болашақ сыйлау көзделгенін айт­ты.

«Биылдан бастап біз мүлде жаңа бағдар­ла­маны бастайын деп жатырмыз. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дейді ғой. Шетелдегі қа­зақ балаларының ішінен ең дарындыларын, зе­ректерін жинасақ па деген ой келді. Олар­ды тауып, оқытып, тәрбиелеп, болашақта әлем­дік деңгейдегі ғалым, тіпті Нобель сый­лығының иегерін шығарсақ деген үлкен мақ­сатымыз бар. Мысалы, бүгінде шетелде түр­лі салада табысты еңбек етіп, өз жетіс­тік­терімен танылып жүрген қандастарымыз аз емес. Осындай азаматтар бізде көп, әсіресе жас­тардың арасында дарынды, білімді, бола­ша­ғынан зор үміт күттіретін өкілдер жетерлік. Біз балаларға ата-бабаларының тарихи жерін көрсетіп, олардың ұлттық болмысын нығай­тып, үлкен мақсаттарға ұмтылуына жол ашуы­мыз керек», – деді Зауытбек Қауыс­бек­ұлы.

Шәкірт тәрбиесі –  ақыл айту емес, үлгі болу

Қауымдастықтың жұмысын заман тала­бы­на сай жетілдіру және жастармен байла­ныс­ты нығайту мақсатында оның құрамына жа­ңа кеңесшілер тартылды. Бұл қадам жас ұр­пақтың қызығушылығы мен сұранысын ес­керіп, олардың тілінде сөйлей алатын, ба­ғыт-бағдар бере алатын тұлғаларды қауым­дастық жұмысына кеңінен тартуға мүм­кіндік береді. Солардың бірі – Қытай Халық Рес­пуб­ликасының Іле қазақ автономиялық об­лысы Алтай өңірінде дүниеге келіп, кейін та­рихи Отанына қоныс аударған, ха­лық­аралық спорт аренасында Қазақстанның абы­ройын асқақтатып жүрген кәсіпқой бокс­шы, әлем чемпионы Қанат Ислам. Оның өмір жолы – шетелдегі қазақ жастары үшін туған елмен байланыстың, табандылық пен еңбектің жарқын үлгісі.

Зауытбек Тұрысбековтің айтуынша, ба­­лаларға таңнан кешке дейін құрғақ ақыл ай­ту­дан ештеңе өзгермейді. Нағыз тәр­бие – көрнекілікте. Балалар Қанат Исламды көр­генде оған қызыға қарап, «мен де Қанат­тай батыр, намысты азамат болсам екен» деп алдарына мақсат қояды. Сол сияқты Нари­ман Әбілшайықов сияқты іскер азаматтарды көріп, соларға ұқсағысы келеді. Шәкірт де­ге­німіз –  үлкендердің ісін байқап, солардан үлгі алатын тұлға.

«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы – әлемдегі қазақтарды ұйыстыратын қара­шаңырақ. Қазақта «Ер жігітті жас өсірмейді, жауап­кершілік өсіреді» деген сөз бар. Біз де мой­нымызға үлкен жауапкершілік алып отыр­мыз. Бұл ұйымға талай ел ағалары еңбек сіңі­ріп, дүниежүзіндегі қазақтарды біріктіру жо­лында аянбай қызмет етті. Сол игі істі жал­ғастырып, жаңа мазмұнмен дамыту – біз­дің міндетіміз. Елге келген қандастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, береке-бірлікке шақыру, ел ігілігі үшін қызмет етуге жұмылдыру – үл­кен  жауапкершілік. Басты мақсат — қазақ елінің абыройын асқақтату және ел бірлігін нығайту», – дейді Дүниежүзі қазақтары қауым­­дас­тығы Төра­ғасының бірінші орын­басары.

«Болашақта Қазақстанға көшіп келемін!»

«Балдәуренге» келген балалардың алған әсер­лері де бөлек. Мұндағы екі күндік өмір олар­дың дүниетанымын мүлдем өзгертіп үл­герген.

Түрікменстаннан келген Айқын мен Нұрасыл есімді жеткіншектер өз ел­де­­рін­де орыс мектебіне барады екен. Деген­мен үйде әке-шешесі тек қазақ тілінде сөй­лей­ді. Олар Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Бурабайдың тау-тасы мен сұлу таби­ға­ты, футбол ойнаған орындар мен қазақтың ұлт­тық тағамдары балаларға қатты ұна­ған. Алғашқы күні түнде аналарын сағынып, біраз жылап алғанын да жасырмады. Бірақ қа­зір олардың мақсаты айқын, болашақта Қа­зақстанға біржола көшіп келіп, бірі по­ли­ция, екіншісі дәрігер болуды армандайды.

Ал Қытай Халық Республикасының Ал­тай аймағынан келген Айзат Бейсембекқызы құ­рылтайдың алғашқы күндерінде-ақ өз өне­рі­мен көзге түсті. Ол орталықта өткен сал­танат­ты концертте домбыра тартып, ата-ба­ба ама­­­­­натын арқалап келгенін дәлелдеді.

«Мен Қазақстанға бұған дейін де бірнеше рет келгем, бірақ Бурабайды алғаш рет көруім. Мына «Балдауренде» өтіп жатқан кон­­церт керемет болды, өзім де сахнаға шығып дом­быра тарттым. Маған мұндай іс-шаралар қат­ты ұнайды. Біз Қытайда тұрсақ та, от­басымызбен тек қазақ тілінде сөйлесеміз. Өзім қытай тілді мектепте оқыдым, бірақ дәл осы жылы біздің отбасымыз Қазақстанға, Астана қаласына біржола көшіп келейін деп жатыр. Қазір Астанадағы қазақ тілді мектепке ауысу құжаттарым дайындалуда. Мен Қа­зақстанды өте қатты жақсы көремін. Бола­шақта Назарбаев университетіне оқуға түсіп, мық­ты инженер болғым келеді», – дейді Ай­зат ағынан жарылып. 

«Балдаурен» төрінде өтіп жатқан «Ата­ме­кен» халықаралық балалар құрылтайы – сол тарихи миссияның заңды жалғасы. Бұл жоба шет­елдегі қазақ балаларының ұлттық біре­гей­лігін сақтауға, олардың жүрегінде Отанға де­ген махаббат отын жағуға және әлем қазақ­тарының рухани тұтастығын нығайтуға ба­ғыт­талған ең маңызды халықаралық бастама болып қала бермек. Жалынды жастардың ата­мекенге оралған армандары осылайша Бура­бай төрінде қанат қағып жатыр.

Айсұлу ЕРДӘУЛЕТҚЫЗЫ, ЕҰУ-дың 2-курс студенті