Алқалы жиында Мемлекеттік туды, Елтаңбаны және олардың бейнелерін, сондай-ақ Мемлекеттік әнұран мәтінін пайдалану мен орналастырудың жаңа қағидалары жан-жақты түсіндірілді. Басқосудың маңызы мен салмағын қатысушылар құрамынан-ақ аңғаруға болады. Мемлекеттік рәміздердің қолданылу аясын пысықтаған бұл жиынға Президент жанындағы тиісті республикалық комиссия мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері, геральдика саласының білікті мамандары, мәдениет қайраткерлері, қоғам белсенділері, ғалымдар мен еліміздің әр өңірінен арнайы келген сарапшылар қатысып, ойларын ортаға салды.
Кездесу барысында сөз алған белгілі қоғам қайраткері, комиссия мүшесі Нұртөре Жүсіп жастардың бойына отаншылдық рухты сіңіруде жүйелі жұмыстың маңызы зор екеніне тоқталды. Ол ұлттық құндылықтарды ұлықтау – ұрпақ тәрбиесінің өзегі болуға тиіс екенін қадап айтты. Сондай-ақ халық қалаулысы қазақ геральдикасының негізін қалап, оның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті рәмізтанушы, марқұм Ербол Шаймерденұлының еңбегін ерекше ілтипатпен атап өтті.
Аталған республикалық комиссия мүшесі, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы таңбалардың мән-мағынасын зерттеп-зерделеу тарих тереңіне бойлататынына тоқталса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын-публицист Ербол Шаймерденұлының жұбайы, педагог Күләш Шаймерденова рәміздер мемлекеттің басты белгілері екенін тілге тиек етіп, рәмізтанушының көк Туға арналған бір өлеңін оқыды. Келесі сөз кезегін алған Ғалиасқар Сарыбаев, Болат Керімбек сынды қоғам қайраткерлері мемлекеттік рәміздердің 35 жылдығына арналған іс-шараларға қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын айтты.
– Қаулыда көрсетілгендей, Мемлекеттік туды жеке және заңды тұлғалардың ғимараттарда, оның ішінде балкондарда (45 градус бұрышпен) және салтанатты іс-шаралар өткізілетін жерлерде пайдалануына (орнатуына, орналастыруына) болады. Мемлекеттік туды киім ретінде пайдалануға, оны төсектік орын, перде, дастарқан, кілемше және өзге де жабын ретінде қолдануға тыйым салынған. Мемлекеттік тудың бейнесін спорттық киімдерде, спортшылардың киім-кешегінде пайдалануға рұқсат етілген. Сондай-ақ көк байрағымызды қасақана бүлдіруге, жоюға, өртеуге, жыртуға, жерге тастауға, сондай-ақ оның мемлекеттік рәміз ретіндегі қадір-қасиеті мен маңызын төмендететін өзге де әрекет жасауға жол берілмейді. Өзгерістер мен толықтырулар рәміздерді пайдалану мәдениетін жаңа сапалық деңгейге көтеруге негіз болады деп есептейміз, – деді Геральдикалық зерттеулер орталығы директорының міндетін атқарушы Әділхайыр Мырзаханов.
«Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі Нұрбол Сейтқалиев аталған қоғамдық бірлестік мемлекеттік рәміздердің заңнамаға сәйкес қолданылуын қамтамасыз етуге байланысты нәтижелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын жеткізді. Жиын барысында тәртіп мәселесі де назардан тыс қалмады. Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қайрат Абулғазидовтың мәлімдеуінше, биыл елімізде мемлекеттік рәміздерге қатысты 40 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген.
Іс-шара аясында орталық директорының міндетін атқарушы Ә.Мырзаханов пен «Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Н.Сейтқалиев өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандумның мақсаты – мемлекеттік рәміздерді насихаттау, олардың тарихи және идеологиялық маңызын түсіндіру, сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі мен оларды заңнама талаптарына сәйкес қолдану мәселелері бойынша халықтың құқықтық сауатын арттыру. Кездесу барысында жаңартылған қағидалардың негізгі талаптары түсіндіріліп, оларды іс жүзінде қолдану тетіктері кеңінен талқыланды.
Сондай-ақ жиында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің 35 жылдығын атап өту тұжырымдамасы қаралды. Осы мерейтойға арналған іс-шаралар жоспарын 2027 жылы Үкімет деңгейінде бекіту жоспарланып отыр.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
