Бұл туралы Ақорда жазды.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Алатау қаласы Еуразиядағы технология орталығы болады деп сенемін»
127
оқылды

Президент Digital by Default қағидаты бойынша салынатын Алатау қаласының даму перспективасы жөнінде әңгімеледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

– Алатау қаласы Smart City шешімдерінің, интеллектуалды көлік, цифрлық төлем жүйелерінің, сондай-ақ энергияны үнемдейтін нысандар мен озық телекоммуникация инфрақұрылымының негізгі алаңына айналуы керек. Сонымен қатар қала өңірдегі жетекші цифрлық қаржы орталықтарының бірі ретінде қызмет етуге тиіс. Осы мақсатта біз цифрлық активтерді, «токендеу», блокчейн технологияларын және криптоиндустрияны дамытуға арналған заманауи құқықтық реттеу жүйесін қалыптастырып жатырмыз. Бұл жұмыстың басты тірегі бәсекеге қабілетті құқық және салық режимі болатыны сөзсіз. «Алатау» жобасына қатысушылар «Астана» халықаралық қаржы орталығы экожүйесінің мүмкіндіктерін пайдалана алады. Орталық ағылшын құқығы қағидаттары бойынша жұмыс істейді және онда әлемнің 90-нан астам елінен жиналған 6 мыңға жуық компания қызмет етеді. Алатау қаласы алдағы уақытта Еуразиядағы таланттардың, технологиялар мен инвестициялардың жаңа орталығы болады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай Еуразиядағы жаңа технологиялық дәуірдің келбетін бірге қалыптастыра алатынына сенім білдірді.

– Қазақстан қытайлық инвесторлар үшін әрдайым қолайлы бизнес орта жасауға дайын. Біз инвестицияларды қорғауға заң жүзінде кепілдік береміз. Заманауи инфрақұрылым мен білікті кадрлар ұсынып, жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетеміз. Мақсатымыз – тек капитал тарту емес. Біз жаңа технологияларды бірлесіп әзірлеуге, ғылыми зерттеу орталықтарын құруға, жаңа өндірістік тізбек қалыптастыруға және болашақтың бағдары – білім экономикасын алға бастайтын адам капиталын дамытуға ұмтыламыз. Бүгінгі басқосуымыз жаңа бірлескен жобаларға, ауқымды инвестицияларға жол ашады деп сенемін! – деді Қазақстан Президенті.

Жиында ҚХР өнеркәсіп және ақпараттандыру министрі Ли Лэчэн, СITIC Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Си Гохуа, 01AI компаниясының бас директоры Ли Кай-Фу, Huawei Technologies компаниясы байқаушылар кеңесінің мүшесі, қоғаммен байланыс және корпоративтік коммуникациялар департаментінің президенті Ван Цзяньфэн, Agibot компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, бас операциялық директоры Цзян Циньсун, Goldcard Smart Group компаниясының басқарма төрағасы және президенті Ян Бин, Ningbo Hoshine Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ло Лиго, YTO Express компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Юй Хуэйцзяо, Xinjiang Lihua (Group) компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Цихай сөз сөйледі.