Бұл бағдарламаға қатысу қазақстандық ғалымдарға не беретінін, токамактар саласындағы зерттеуге қаншалықты әсер ететіні жайлы ҚР ҰЯО РМК «Атом энергиясы институты» филиалы директорының термоядролық зерттеулер жөніндегі орынбасары Бауыржан Шектібаев айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оның айтуынша, Қазақстанның Халықаралық энергетикалық агенттіктің (ХЭА) Токамактар бағдарламасына (CTP TCP) қосылуы – ең алдымен, еліміздің әлемдік термоядролық ғылыми қауымдастық үшін қызығушылық тудырып отырған ғылыми және эксперименттік әлеуетке ие екенімізді көрсетеді. Осындай бағдарламаға қосылу – Қазақстан үшін, ең әуелі термоядролық синтез саласындағы халықаралық зерттеулерге толыққанды қатысуға жаңа мүмкіндікке жол ашады.
– Токамактар бағдарламасына қатысу – әншейін мүшелікке ілігу емес, іс жүзінде Қазақстанның халықаралық ғылыми ынтымақтастық жүйесіне нақты кірігуі. Бүгінде CTP TCP Қытай, Еуропалық одақ (EUROfusion), Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея, Америка Құрама Штаттарының, сондай-ақ ITER халықаралық ұйымдарының токамакты зерттеуі бойынша жетекші ұлттық бағдарламаларын біріктіреді. Осы алаңда қатысушы мемлекеттер зерттеулердің басым бағыттарын бірлесіп айқындайды, әлемдегі ең ірі токамактарда жүргізілген эксперименттердің нәтижесін талқылайды, ғылыми бағдарламаларды үйлестіреді, тәжірибе алмасады және болашақ термоядролық электр стансаларын құруға қажетті технологияларды дамыту жөніндегі ұсыныстар әзірлейді. Міне, Қазақстан осындай істің толыққанды қатысушысына айналып, әлемдік термоядролық ғылымның дамуына өз үлесін қоса алады, – деді ол.
ҚР ҰЯО РМК «Атом энергиясы институты» филиалы директорының термоядролық зерттеулер жөніндегі орынбасары Бауыржан Шектібаев Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы үшін бұл бағдарламаға қатысуы әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу ұйымдарымен ынтымақтастықты кеңейтуді, бірлескен ғылыми жобаларды дамытуды, мамандар алмасуды және ортақ эксперименттер жүргізуді білдіретінін жеткізді.
– Оның үстіне, бағдарламада Қазақстанның атынан, яғни ресми тағайындалған ұйым (Designated Entity) ретінде таныстыратын Ұлттық ядролық орталықтың мәртебесі бүкіл отандық ғылыми қауымдастық үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ұлттық ядролық орталығы арқылы плазма физикасы, материал тану, атом энергетикасы және сабақтас ғылыми-техникалық бағытында өзге ғылыми-зерттеу ұйымдары, жоғары оқу орындары мен қазақстандық мамандар бірлескен жобаларға, ғылыми іс-шараларға және сараптамаға қатыса алады.
Бағдарламаға қатысудың тағы бір артықшылығы – Орталық Азиядағы жалғыз мамандандырылған токамак қондырғысы ретінде Қазақстандық материалтану токамагының (KTM) ғылыми әлеуетін тиімдірек пайдалануға мүмкіндік береді. Халықаралық ынтымақтастықтың арқасында KTM-де алынған ғылыми нәтижелер бірлескен зерттеу бағдарламаларында кеңінен қолданылады. Ал қондырғының өзі плазманың материалдармен өзара әрекеттесуі және болашақ термоядролық реакторларға арналған технологияларды әзірлеу бағытындағы зерттеуге арналған халықаралық эксперименттік алаң ретінде сұранысы арта түседі, – дейді Бауыржан Шектібаев.
Ол бұл бағдарламаның ғылыми жағынан ғана емес, еліміздегі кадрлық әлеуетке де ықпалы тиетінін сөз етті.
«Бағдарламаға қатысу арқылы біз жас ғалымдар мен инженерлерді даярлауға, оларды халықаралық ғылыми жобаларға тартуға, заманауи эксперименттік әдістерді меңгеруге және әлемнің жетекші ғылыми орталықтарымен тәжірибе алмасуға жол ашып отыр. Түптеп келгенде, бұл отандық термоядролық зерттеу мектебінің дамуына, еліміздің ғылыми әлеуетін нығаюына және Қазақстанның әлемдік ғылыми кеңістікке одан әрі ықпалды болуын әсер етеді», – деді ол.
