Соңғы екі жыл ішінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 6654 әскери бөлімінің Кинология орталығында қызметтік тұқымдағы 60 күшік өсірілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Жақын арада олардың басым бөлігі құқықтық тәртіп әскерінің бөлімшелерінің қатарын толықтырып, қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауға кіріседі.
Алатау қаласында орналасқан Кинология орталығы – Ұлттық ұлан жүйесінде кинолог мамандарды даярлау мен қызметтік иттерді өсіруді қатар жүзеге асыратын бірегей мекеме. Мұнда неміс, бельгия және голланд овчаркалары өсіріледі. Өткен жылы дәл осы орталықта алғаш рет голланд овчаркасынан төл алынып, қызметтік ит тұқымдарының қатарын ұлғайтуға мүмкіндік туды.
Күшіктер өмірінің алғашқы айларынан бастап мінез-құлқы, белсенділігі мен жұмысқа бейімділігі бойынша іріктеуден өтеді. Алты айлық кезеңге жеткенде мамандар олардың болашақ мамандану бағытын айқындайды. Бірі есірткі заттарын іздеуге, екіншісі жарылғыш заттарды анықтауға, ал үшіншісі патрульдік-іздестіру қызметі мен құқықбұзушыларды ұстауға бейімделіп оқытылады.
Орталықта дайындықтан өткен қызметтік иттер күн сайын Ұлттық ұлан әскери қызметшілерімен бірге қоғамдық тәртіпті күзетуге, бұқаралық іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, тыйым салынған заттар мен қаруды, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіруге қатысады.
Тек 2025 жылдың өзінде Ұлттық ұланның кинологтары 3 500-ден астам қызметтік міндетті орындап, оның 120-дан астамы нәтижелі аяқталды. Қызметтік иттердің көмегімен қылмыстық құқықбұзушылық жасады деген күдікпен 81 құқық бұзушы ұсталды, өсімдік және синтетикалық текті 210 келіден астам есірткі заты анықталып, тәркіленді, 14 суық қару мен 7 атыс қаруы табылды, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен 17 адамның жүрген жері анықталды.
Әрбір осында өсірілген күшік – болашақта әскери қызметшінің сенімді төрт аяқты серігі. Олардың сапалы дайындығы көп жағдайда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қызметтік-жауынгерлік міндеттердің табысты орындалуына тікелей ықпал етеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
