Елімізде ересек тұрғындар арасында темекі тұтыну деңгейі төмендеуде.
Қазақстанда темекі шегетіндер саны азайды
Фото: iStock
159
оқылды

Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы деректері бойынша, елімізде темекі шегетін азаматтардың үлесі 15,1%-ға дейін қысқарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Биылғы жылдың қаңтар айында жүргізілген кезекті жылдық сауалнаманың нәтижелері елдегі шылымға тәуелділік динамикасының оң бағытта өзгергенін көрсетеді. Салыстырмалы түрде алсақ:

2024 жылы – 20,7%;

2025 жылы – 17,5%;

2026 жылы – 15,1%.

Статистикалық талдау: Зерттеуге 15 жастан асқан 12 мың үй шаруашылығының мүшелері қатысқан. Деректерге сәйкес, ауылдық жерлерде темекі тарту көрсеткіші қалаға қарағанда жоғары екені байқалады:

Ауылдық жерлерде 17,8%;

Қалалық жерлерде 14,0%.

Темекіге тәуелділік ерлер арасында әйелдерге қарағанда 6 есе көп екен. Ер азаматтардың 30,5%-ы темекі өнімдерін тұтынса, әйелдер арасында бұл көрсеткіш 4,9%-ды құрайды.

Сауалнама қатысушыларының басым бөлігі (98,6%) әлі де өнеркәсіптік жолмен өндірілген дәстүрлі темекіні қолданады. Сондай-ақ темекі қыздыру жүйелерін (IQOS, GLO) пайдаланушылар – 0,9%, электронды темекі қолданушылар – 0,4%, ал басқа өнімдерді тұтынатындар 0,1% деңгейінде.

Сарапшылар пікірінше, темекіге деген сұраныстың төмендеуіне бірнеше фактор әсер еткен болуы мүмкін. Олардың қатарында темекі өнімдеріне салынатын акциз мөлшерлемелерінің жыл сайынғы артуы (2026 жылы 1 000 дана үшін 18 051 теңге) және ең төменгі бөлшек сауда бағасының қымбаттауы (970 теңге) бар. Бұл шаралар халықтың зиянды әдеттен бас тартуына түрткі болып, салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстарының нәтижесін көрсетіп отыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.