Мысалы, жаз маусымы басталғалы еліміздің өндіріс саласы тұралап тұрған жоқ. Керісінше, бірнеше өндірістік жобаның іргетасы қаланып, өндіріс орындарының жұмысын жандандыру мақсатында шетелдік әріптестермен түрлі келісімшарт пен меморандумдарға қол қойылып жатыр. Соның арқасында еліміздің бірқатар өңірінде өнеркәсіп орындары мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандары іске қосылды. Әрбір өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырса, Қазақстандағы құрылыс индустриясы мен өңдеу өнеркәсібін қарқынды дамыта түсетіні айдан анық.
Соның бірі – Ұлытау облысы. Ондағы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің Жезқазған мыс балқыту зауытында өндірісті жаңғыртуы қолға алынды. Өнеркәсіптік қауіпсіздік және экологиялық жағдайды жақсарту мәселелерімен жақында ғана Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев танысып қайтқан.
Айтар болсақ, зауыт – еліміздің индустриялық секторындағы негізгі кәсіпорындардың бірі. Оның өндірістік қуаты жылына 200 мың тоннаға дейін катодты мыс өндіруге жетеді. Өнім ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелге де экспортталады. Компания басшылығы министрге инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы, оның ішінде жаңа күкірт қышқылы цехы мен газ-поршенді электр стансасының құрылысы туралы ақпарат берді.
«Металлургия саласының алдына жыл қорытындысы бойынша өндірістің оң серпінін қамтамасыз ету міндеті қойылған. Белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізу үшін өндірістік қуатты барынша тиімді пайдаланып, барлық кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар бірінші кезекте қызметкерлердің қауіпсіздігі мен еңбек жағдайын жақсарту мәселелері басты назарда болуы тиіс», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Осы жылдың 5 айында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС 155 мың тонна мыс өндіріп, өсім 1 пайызға жеткен. Министр жыл соңына дейін кемінде 6% өсімге қол жеткізу қажеттігін атап, металлургия өнеркәсібінде 2026 жылға арналған жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу жөнінде берген тапсырмасының орындалуы баста назарда екенін еске салды.
Осындай өндірістік жоба – Қызылорда облысында қосылды. Әлемдік санитарлық-техникалық жабдықтар нарығындағы испаниялық «Roca Group» компаниясының зауыты ашылмақ. Сөйтіп, Қызылорда да ванна бөлмесіне арналған бұйымдар мен санитарлық-техникалық өнімдер өндіретін заманауи кәсіпорын бой көтереді. Соның арқасында 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылып, кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 500 мың дана өнімге дейін шығару жоспарланып отыр. Сонымен қатар, бұл өнімдерді еліміздің ішкі нарығы ғана емес, Орталық Азия елдеріне де экспортталмақ.
Жоба «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде оның құрылысына 44,1 млрд теңге инвестиция бағытталған.
Оған қоса, Қызылордада «Seven Rivers» компаниясының шыны ыдыстар өндіретін зауытының құрылысы басталды. Жоба Германияның «Horn» компаниясының технологиялары негізінде жүзеге асырылады. Инвестиция көлемі – 60 млрд теңге. Ертеңгі күні кәсіпорын іске қосалса жылына 240 миллион дана шыны ыдыс өндіруге мүмкіндік береді. Соған сай 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Аталған жобаның қай-қайсысы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай еліміздегі импортты алмастыруға және экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Оның үстіне, жергілікті халықты тұрақты жұмыс орнымен қамти отырып, Қазақстандағы құрылыс индустриясы мен өңдеу өнеркәсібінің дамуына серпін берері анық.
