Қара бетперде киген белгісіз қайырымды азамат ата-анасынан айырылған бес балалы отбасына пәтер сыйлап, ауыр сырқатқа шалдыққан кенже қыздың емдеу шығындарын толық өз мойнына алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
15 жастағы Дариға мен оның бауырлары соңғы уақытта ауыр қайғыны бастан өткерген. Әкелері жүрек ауруынан көз жұмса, аналары үш ай бұрын қатерлі ісіктен қайтыс болған. Сөйтіп, бес бала ата-анасыз қалып, өз баспанасынсыз өмір сүріп келген.
Дариға ата-анасын қатты сағынатынын айтып, әсіресе жеті жастағы кенже сіңлісінің анасының өмірден өткенін әлі де қабылдай алмай жүргенін жеткізді.
«Ата-анамызды қатты сағынамыз. Олардың орнын ешкім баса алмайды. Анамыз қайтыс болғаннан кейін кішкентай сіңліміз қайта-қайта: "Анам қайда? Анамды көрсетіңдерші" деп сұрайды. Біз оған не деп жауап берерімізді білмейміз. Кейде адамдардың "Бұлар жетім қалды" деген сөздерін естігенде жүрегіміз ауырады», – дейді Дариға.
Отбасының жағдайын одан әрі қиындатқан тағы бір мәселе – жеті жастағы кенже қыздың денсаулығы. Дәрігерлер оған апластикалық анемия диагнозын қойған.
Балалардың тағдырына бейжай қарамаған бетперде киген қайырымды азамат оларға жаңа пәтердің кілтін табыстап, кенже қыздың толық ем алуына қолдау көрсететінін мәлімдеді.
«Дариға, қарындасым, Алланың қалауымен бүгіннен бастап өмірлеріңізде жаңа кезең басталады. Бұйыртса, сіңліңіз қажетті емнің бәрін алады. Ең бастысы – енді өз баспаналарыңыз бар», – деді ол.
Бұл игі іс әлеуметтік желіде кеңінен таралып, көпшілік белгісіз қайырымды жанға алғыс айтып, ата-анасынан айырылған балаларға жылы лебіздері мен қолдауын білдіруде.
