Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау науқаны аясында Орталық сайлау комиссиясының бесінші отырысы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Отырысқа «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы қоғамдық бірлестігінің басшылығы, ЕҚЫҰ ДИАҚБ халықаралық байқаушылары, Бас прокуратураның, Сыртқы істер, Қаржы, Ішкі істер, Әділет министрліктерінің, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сонымен қатар бейнеконференциялық режимде елорда, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері қосылды.
Күн тәртібіне сәйкес шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу, сондай-ақ 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу мәселелері қаралды.
Отырысты ашқан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров елімізде шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу жұмыстарының жалғасып жатқандығына тоқталды.
«Сайлау науқаны аясында Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу жұмыстары жалғасуда. Бұл рәсім Құрылтай сайлауын дайындау мен өткізудің негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспарына сәйкес, 17 тамыз күні сағат 18:00-де аяқталады», – деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға халықаралық байқау институты ашылған сәттен бері Орталық сайлау комиссиясы 4 шет мемлекеттен және 3 халықаралық ұйымнан келген 60 байқаушыны аккредиттегенін атады.
«2026 жылғы 17 шілдедегі жағдай бойынша, Сыртқы істер министрлігі Орталық сайлау комиссиясына 4 шет мемлекеттен және 3 халықаралық ұйымнан 16 байқаушының кандидатурасын аккредиттеу үшін ұсынды. Атап айтқанда, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясынан – 1 кандидатура, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясынан Ассамблеяның Жауапты хатшысын қоса алғанда – 6 кандидатура, ЕҚЫҰ ДИАҚБ Миссиясынан – 1 байқаушы, Грузиядан – 2 кандидатура, оның ішінде Грузия Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, Иран Ислам Республикасынан – 2 кандидатура, оның ішінде Иранның Қазақстандағы елшісі, Швеция Корольдігінен – 2 кандидатура, оның ішінде Швецияның Қазақстандағы елшісі және Қырғыз Республикасынан – 2 байқаушы ұсынылды», – деп хабарлады Мұхтар Ерман.
Сондай-ақ ол аккредиттеу жөніндегі ұсыныстардың келіп түсуіне қарай байқаушылар туралы мәліметтер жаңартылып отыратынын атап өтті. Мәселені қарау қорытындысы бойынша, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы қаулы қабылдады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша баяндама жасаған Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік Құрылтай депутаты болып сайлану үшін азамат Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңда белгіленген талаптарға сай болуы қажет екендігіне тоқталып өтті. Атап айтқанда, азамат Қазақстан Республикасының азаматы болуы, соңғы 10 жыл бойы Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұруы және жасы 25-тен кем болмауы тиіс. Сонымен қатар сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген, сотталғандығы заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған азаматтар, сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасауға қатысты кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлануға құқығы жоқ.
«Орталық сайлау комиссиясына «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы 63 адамнан тұратын партиялық тізімін ұсынды. Орталық сайлау комиссиясы жіберген сауалға сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдар партиялық тізімге енгізілген адамдардың Құрылтай депутаты болып сайлану үшін Конституция мен Сайлау туралы конституциялық заңның талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізді. Партиялық тізімдегі 22 кандидат – әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар, олар жалпы тізімнің 34,9 процентін құрайды. Белгіленген квота сақталды. Партиялық тізімге енгізілген барлық адамдар Конституция мен Сайлау туралы конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді», – деді Ләззат Сүйіндік.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңның 88-бабы 2-тармағына сәйкес, жоғары өкілді орган депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 5 және одан да көп пайыз дауысын алған саяси партиялар ағымдағы сайлау науқаны барысында сайлау жарнасын төлемейді. Осыған орай, Ләззат Сүйіндік «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII сайланым депутаттарын сайлауда сайлаушылардың 8,41 пайыз дауысын алғанын еске салды.
Отырыс соңында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері хаттамаларға қол қойып, 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясының партиялық тізімін тіркеу туралы қаулы қабылдады. Тіркелген кандидаттарға тиісті куәліктер табысталды.
Отырыс қорытындысы бойынша, партия басшылығы дәстүрлі брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)