Елордадан 160 шақырым қашықтықта орналасқан Көбейтұз – еліміздегі ең көрікті әрі ерекше табиғи нысандардың бірі.
Мемлекет басшысы Көбейтұз көлінің жай-күйіне назар аударды
170
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Көбейтұз көлін қорғау бойынша шаралар қабылдауды тапсырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, суының ерекше қызғылт реңкімен танымал Көбейтұз көлі ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесіне ие болады. Осы мақсатта «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы кеңейтіліп, оның құрамына Көбейтұз көлінің акваториясы енгізіледі. Бұл көлдің бірегей экожүйесін тиімді қорғауға мүмкіндік береді.

Елордадан 160 шақырым қашықтықта орналасқан Көбейтұз – еліміздегі ең көрікті әрі ерекше табиғи нысандардың бірі. Жыл сайын мұнда мыңдаған турист келеді. Келушілер санының артуы тиісті инфрақұрылымды дамытуды талап етеді. Осыған байланысты көлге ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін беру жұмыстарымен қатар, Ақмола облысының әкімдігі жағалау аумағын абаттандыруға кіріседі. Мұнда бақылау алаңы мен автотұрақ салынып, тұрғындар мен қонақтарға табиғи құбылысты қауіпсіз тамашалап, суретке түсіруге жағдай жасалады. Бұл ретте көлдің нәзік экожүйесіне зиян келтірмеу басты назарда болады.

Бүгінде Көбейтұз Ақмола облысының табиғи символдарының біріне айналды. Сондықтан адамдардың осы бірегей табиғи нысанмен қауіпсіз әрі жайлы танысуына, оның әсем көрінісін тамашалауына мүмкіндік бере отырып, көлге ешқандай зиян келтірмеу аса маңызды. Көбейтұзды келер ұрпаққа табиғи қалпында сақтау тек сауатты абаттандыру мен экологиялық талаптарды қатаң сақтау арқылы ғана мүмкін.

Бірегей табиғи нысандарды сақтау – мемлекеттің экологиялық саясатының басым бағыттарының бірі. Жаңа Конституцияда жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындалған. Ал ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін кеңейту – осы қағидатты іс жүзінде жүзеге асырудың маңызды тетіктерінің бірі. Сондықтан табиғатты қорғау және қоршаған ортаны сақтау мәселелері бүгінде айрықша маңызға ие.

Көлді қорғау және оның аумағын абаттандыру бағытында қабылданып жатқан шаралар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасының мақсаттары мен қағидаттарына толық сәйкес келеді. Көбейтұздың нәзік экожүйесін сақтау – таза әрі жасыл Қазақстанды қалыптастыру тұжырымдамасын іске асыруға қосылған нақты үлес.

Бұған дейін Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы көл суының гидрохимиялық қасиеттеріне зерттеу жүргізді. Сараптама нәтижелері бойынша аммонийлі азот, аммиак, хлоридтер, мышьяк, сульфаттар және басқа да бірқатар заттардың мөлшері шекті рұқсат етілген концентрациядан жоғары екені анықталды. Осыған байланысты көлде шомылуға және оның жағалауынан тұз жинауға қатаң тыйым салынады.

Абаттандыру жұмыстары жүргізілетін кезеңде Көбейтұз көліне қолжетімділік уақытша шектеледі. Жағалау сызығына жақындауға және белгіленген шектеу аймағынан өтуге рұқсат етілмейді. Көлге кіреберістерде тәулік бойы бақылау бекеттері қойылып, аумақты полиция қызметкерлері мен уәкілетті органдар бірлесіп патрульдейді.

Ақмола облысының әкімдігі өңір тұрғындары мен қонақтарын белгіленген талаптарды, табиғат қорғау заңнамасын сақтауға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады. Бірегей табиғи нысанды келер ұрпақ үшін сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз.