Команда Атлантадан Нью-Йоркке жоспарланған уақытта ұша алмай, жолға шығуы кейінге шегерілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
The Sun басылымының мәліметінше, Атлантадағы Хартсфилд–Джексон халықаралық әуежайының жұмысы найзағайлы дауылға байланысты уақытша тоқтатылған. Соның салдарынан Аргентина құрамасы мен ресми делегация әуежайда күтуге мәжбүр болған.
Әдетте Атланта мен Нью-Йорк арасындағы әуе рейсі шамамен 2 сағат 20 минутқа созылады. Егер команда таңға дейін ұша алмаса, финалға дейін Нью-Йоркте толыққанды дайындық өткізуге бір күннен сәл ғана артық уақыт қалады. Бұл жағдай Лионель Скалони жаттықтыратын команданың жаттығу жоспарына әсер етуі мүмкін.
Ал Аргентинаның финалдағы қарсыласы – Испания құрамасы Нью-Йоркке алдын ала жетіп, шешуші кездесуге дайындықты бастап кеткен.
17 шілде күні таңертең Аргентина футбол қауымдастығы ұлттық құраманың әуе кемесіне бет алған сәтінен фотосуреттер жариялады. Алайда әзірге команданың ұшып шыққаны немесе Нью-Йоркке қонғаны туралы ресми ақпарат таратылған жоқ.
Еске салайық, 2026 жылғы әлем чемпионатының финалында қазіргі Еуропа чемпионы Испания мен әлем чемпионы әрі Америка кубогының қазіргі иегері Аргентина кездеседі.
Екі құрама да топтық кезеңді бірінші орынмен аяқтап, плей-оффта барлық қарсыластарын жеңіп, финалға жолдама алды. Испания Австрия, Португалия, Бельгия және Францияны негізгі уақытта ұтса, Аргентина да өз қарсыластарынан басым түсіп, шешуші матчқа дейін жетті.
