Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджа Премьер-министрімен кездесті
Бірлескен жобаларға қолдау көрсетіледі
140
оқылды

Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференция аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджа Премьер-министрі Хун Манетпен кездесті.

Мемлекет басшысы Қазақстан Камбоджамен бе­рік достыққа және өзара құрметке негізделген се­ріктестікті жоғары бағалайтынын жеткізді. Қазақстан Президенті екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастыққа тың серпін беру үшін әлеует мол екенін атап өтті.

Президенттің пікірінше, тауар айналымын арттыратын перспективті бағыттар қатарына ауыл шаруашылығы, тоқыма өндірісі, туризм, құрылыс, та­ғам өнеркәсібі, көлік-логистика салалары кіреді.

Атап айтқанда, еліміз бидай, тыңайтқыш және басқа да аграрлық өнімдер тасымалын ұлғайтуға әзір. Бұдан бөлек, БҰҰ электрондық үкіметті дамыту ин­дек­сіндегі үздік 24 елдің сапына енетін Қазақстан озық технология саласындағы тәжірибесімен бөлісе алады.

Премьер-министр Хун Манет Камбоджаның Қа­зақстанмен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі еке­нін растады. Ол екі елдің үкіметтері мен іскер топ­тары арасындағы байланыстарды нығайтудың маңызына тоқталып, бірлескен жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Әңгімелесу барысында Президент пен Премьер-ми­нистр жаһандық және аймақтық құрылымдар ая­сындағы ықпалдастық жөнінде пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК қызметіне қолдау көр­сеткені үшін Камбоджа тарапына ризашылық біл­дірді. Сондай-ақ Премьер-министрге Астананың БҰҰ жанынан Халықаралық су ұйымын құру жө­ніндегі бастама көтергенін айтты.

Кездесу соңында Хун Манет Қазақстан Прези­дентін өзіне қолайлы уақытта Камбоджаға сапармен келуге шақырды.