Бүгінде заң шығарушы биліктің жаңа моделі ретінде қалыптасып келе жатқан Құрылтайдың қоғамдағы орны мен қызметіне қатысты талқылаулар жалғасып келеді. Осыған байланысты Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік зерттеу нәтижелерін ұсынды. Зерттеу қоры­тын­дысы Алматыда өткен «Құрылтай – заң шығарушы биліктің жаңа архитектурасының негізі» атты сараптамалық жиында таныстырылды.
Заң шығару жүйесіндегі жаңа бетбұрыс
192
оқылды

Алғашқы сессия барысында қатысушылар Құрылтайдың конституциялық жаңғыруы, оның заң шығару саласындағы өкілеттіктерін дамыту, заң жоба­ларын әзірлеу тетіктерін жетіл­діру және сараптамалық сүйе­мелдеуді күшейту мәселелерін талқылады.

Сараптамалық жиынды аш­қан Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерт­теулер институтының дирек­торы Жандос Шаймарданов Құрылтайдың құрылуы заң шы­ға­рушы биліктің ашықтық, кәсібилік және кең қоғамдық қатысу қағидаттарына негіз­делген жаңа модельге көшудің көрінісі екенін айтты. Оның сөзінше, Құрылтайдың алғашқы сайлауы конституциялық рефор­маларды практикалық тұрғыда іске асыруда маңызды кезең болмақ. Сонымен қатар бұл мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланыстың жаңа үлгісін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Әділет вице-министрі Даниель Ваисов өз сөзінде Құ­рыл­тайдың конституциялық өзгерістер аясындағы орны мен жаңа өкілеттіктеріне, сондай-ақ оның мемлекеттік билік жүйе­сіндегі рөліне тоқталды. Вице-министрдің мәлімдеуінше, Құрылтай сайлауы жаңартылған заңнамаға сәйкес өтеді. Құрыл­тайдың барлық 145 депутаты бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізіммен сайланады. Мұндай тәртіп саяси партиялардың рөлін күшейтіп, сайлау бәсекесін жеке­леген кандидаттардан гөрі партия бағдарламалары мен идеяла­рының бәсекесіне айналдыруға бағытталған.

Философия, саясаттану және дінтану институтының дирек­торы Айгүл Сәдуақасова сайлау­дың мемлекеттік биліктің қайнар көзі халық екенін іс жүзінде көрсететін негізгі тетік екенін ай­рық­ша атап өтті. 

– Сондықтан азаматтардың дауыс беруге бел­сенді қатысуы жаңа өкілді орг­анның қоғам алдындағы беделі мен заңдылы­ғын нығайтуда маңызды рөл атқарады.

Жаңа Конституция – жаңа өмірге, жаңа технологиялық дәуір­ге жасалған маңызды қадам. Мұн­дай кезеңде білім, ғылым, адами капитал, мәдениет пен ұлттық бірегейлік айрықша мәнге ие. Жаһандану жағдайында «Өзімізді әлемге қалай танытамыз? Елді қалай дамытамыз? Балаларымызды қалай тәрбиелейміз? Отбасылық құндылықтарды қалай сақтай­мыз?» деген сұрақтар қоғам үшін өзекті болып отыр. Сондықтан қабылданған Конституцияны іс жүзінде жүзеге асыруға бағыт­талған нақты қадамдар жасалып жатыр. Соның бірі – Құрылтайды сайлау. Құрылтайдың негізгі мақ­саты – қоғамды біріктіру, түрлі әлеуметтік топ пен мүдделерді тоғыстыру және еліміздің тәуел­сіздігіне негіз болған басты құн­дылықтарды сақтауға ықпал ету, – деді Айгүл Сәдуақасова.

Ал Еуразиялық интеграция институтының директоры Ораз­ғали Селтеев қазақстан­дықтардың сайлауға қатысты көзқарасын анықтаған әлеуметтік зерттеу нәтижелерін жариялады. Нәти­жесінде, сауалнамаға қатысқан­дардың 72,1 пайызы Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысуға дайын екенін айтқан. 

– Бұл көрсеткіш азаматтардың Құрылтай сайлауына қызығу­шылығы жоғары екенін аңғартады. Онымен қоса, алдағы сайлауға қатысу деңгейі бұрынғы парла­менттік сайлаумен салыстырғанда жоғары болуы мүмкін. Мұндай белсенділік Құрылтайдың қоғам алдындағы беделі мен заңдылығын нығайтып, азаматтардың елдегі саяси өзгерістерге атсалысуға дайын екенін көрсетеді, – деді Оразғали Селтеев.

Одан өзге Women in Tech Kazakhstan ұйымының жетек­шісі Әсем Болатжан өз баянда­масында Құрылтайдағы ген­дер­лік өкілдік мәселесіне тоқ­талды.

– Заң шығарушы биліктің жаңа моделі мен партиялық жүйедегі өзгерістер кәсіби кадр­лық резервті қалып­тас­тыруға көмектеседі. Сондық­тан саяси партиялар әйелдер­дің кәсіби дамуына қолдау көрсетіп, олардың партиялық қызметке, мәслихаттарға, қо­ғамдық кеңестер мен сарап­тамалық алаңдардың жұмысы­на тең дәрежеде қатысуына жағ­дай жасауы қажет. Заң шығару процесіне әйелдердің кеңінен қатысуы Қазақстан­ның жаңа саяси жүйесінің жетілгендігін көрсететін ма­ңыз­ды көрсеткіштердің бірі болады, – деді Әсем Болатжан.

Жиынның екінші сессия­сында парламенттердің қоға­ммен байланыс орнатудағы халықаралық тәжірибесі сөз болды. Сонымен қатар қоғам­дық қатысудың құқықтық тетіктері, цифрлық сервистерді дамыту және мемлекет пен азаматтар арасындағы тиімді диалогты нығайту жолдары қарас­тырылды.

Ұлттық ғылым акаде­мия­сының Білім беру және қоғам­дық даму ғылымдары орталы­ғының жетекшісі Жеңісбек Төлен парламенттердің қоғам­мен байланыс орнатудағы ха­лықаралық тәжірибесіне шолу жасады. Ол Швейцария, Фин­лян­дия, Ұлыбритания және Оңтүстік Кореяның тәжірибесін мысалға келтіріп, азаматтардың мемлекеттік шешімдерді талқы­лау процесіне белсенді қатысуы заң шығарушы органдарға деген қоғамдық сенімді арттыратынын ерекше атап өтті.

– Мысалы, Швейцария тәжірибесін алайық. Онда пар­ламент қоғаммен тікелей байла­н­ыста жұмыс істейді. Қоғамның қажеттіліктері ескеріліп, ашық талқылаулар мен кездесулер тұрақты өткізіледі. Нәтижесінде, қордаланған мәселелер парла­мент арқылы заңнамалық дең­гейде ұсынылады. Оңтүстік Ко­реяда да осыған ұқсас тәжіри­бе қалыптасқан. Ұлттық ассам­блея­ның қызметі ашық әрі жария түрде жүргізіледі. Арнайы пор­талдар мен сайттар арқылы парламенттің жұмысы қоғамға толық қолжетімді. Азаматтар ұсыныстардың қалай қаралып жатқанын бақылап, процесті бақылап отыра алады. Қазақ­стандағы Құрылтай әлемдік озық тәжірибелерді негізге алып, сол модельдердің тиімді тұстарын енгізуі қажет. Құрылтай заң жоба­ларын ұсынумен ғана шек­телмеуі қажет. Ең бастысы, халық­тың ұсыныстарын жүйелі түрде жинақтап, олардың мемле­кеттік шешімдерге ықпал етуіне мүмкіндік жасауға тиіс, – деді Жеңісбек Төлен.

Сондай-ақ Әл-Фараби атын­да­ғы Қазақ ұлттық универ­сите­тінің аға оқытушысы Әйгерім Жүнісова цифрлық Құрыл­тай тұ­жырымдамасы мен e-Par­la­ment моделін енгізу жөн­ін­дегі ұсын­ыстарын ортаға салды.

– Заң жобаларын әзірлеу мен талқылаудың бірыңғай цифрлық жүйесін қалыптастыру қажет. Сонымен бірге заң шығару про­цесінің барлық кезеңі ашық болуға тиіс. Азаматтардың цифр­лық форматта қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, заңнамалық бастама­лар мен қоғамдық ұсыныстарды талдауда жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану маңызды, – деді Әйгерім Жүнісова.

Жиын соңында сарапшылар Құрылтайдың қалыптасуы Қа­зақ­стандағы саяси рефор­ма­лар­дың заңды жалғасы екенін жет­кізді. Олар алдағы сайлау жаңа өкілді органның тиімді жұмыс істеуіне негіз қалап, елдегі саяси жүйенің одан әрі дамуына ықпал етеді деп түйіндеді.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы