Финалда оған қапталдағы төрешілер ретінде отандастары Томаж Кланчник пен Андраж Ковачич көмектеседі.
Әлем чемпионаты-2026: Аргентина-Испания финалындағы бас төреші кезінде атышулы іске куәгер болған
© Erin Chang/ISI Photos / Contributor / ISI Photos / Gettyimages.ru
226
оқылды

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының Аргентина мен Испания құрамалары арасындағы финалдық кездесуіне словениялық төреші Славко Винчич бас төреші болып тағайындалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл шешімді ФИФА төрешілер департаментінің басшысы Пьерлуиджи Коллина арнайы жиында жариялаған. Тағайындау туралы естіген Винчич толқуын жасыра алмай, көз жасына ерік берген.

Финалда оған қапталдағы төрешілер ретінде отандастары Томаж Кланчник пен Андраж Ковачич көмектеседі.

Словениялық арбитр әлем чемпионатында бұған дейін үш кездесуге төрелік етті. Олар: Бразилия – Марокко (1:1), Иордания – Алжир (1:2) және Мексика – Эквадор (2:0, 1/16 финал). Осы ойындарда ол 7 сары және 1 қызыл қағаз көрсетті.

Бірақ С. Винчичтің мансабындағы ең үлкен дау 2020 жылы болған. Ол Босния және Герцеговинадағы полиция рейді кезінде ұсталғандардың қатарынан табылды. Құқық қорғау органдары ұйымдасқан қылмыстық топқа қарсы арнайы операция жүргізіп, жезөкшелік ұйымдастыру, есірткі саудасы және заңсыз қару сақтау ісіне қатысты күдіктілерді ұстаған. Оқиға болған үйден кокаин, тапаншалар, оқ өтпейтін кеудешелер және ірі көлемдегі қолма-қол ақша тәркіленген.

Кейін С. Винчич бұл іс бойынша тек куәгер ретінде өткен. Оның айтуынша, Боснияға іскерлік кездесуге барған, ал кейін кешкі асқа шақырылған. Полиция рейді кезінде үйдегі барлық адам жауап алу үшін бөлімшеге жеткізілген. Тергеу барысында төрешінің заңсыз әрекеттерге қатысы жоқ екені анықталып, ол ешқандай айып тағылмай босатылды.

Бұл оқиға оның мансабына кері әсер еткен жоқ. Кейін Славко Винчич жоғары деңгейдегі халықаралық матчтарға тұрақты түрде төрелік етіп, 2024 жылғы Чемпиондар лигасының финалын басқарды. Енді ол әлем чемпионаты финалының бас төрешісі атанбақ.

Аргентина мен Испания арасындағы финалдық матч 19 шілдеде АҚШ-тың Нью-Джерси штатында өтеді. Қазақстандық жанкүйерлер кездесуді «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде тамашалай алады.