Түркияның оңтүстік-шығысындағы Малатья аймағында магнитудасы 5,0 болатын жер сілкінісі тіркелді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Түркияның Табиғи апаттар мен төтенше жағдайларды басқару басқармасының (AFAD) мәліметінше, жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша таңғы 06:20-да Батталгази ауданында болған. Жерасты дүмпуінің ошағы 15,5 шақырым тереңдікте орналасқан.
Алдын ала мәлімет бойынша, жер сілкінісі салдарынан зардап шеккендер мен қираулар тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта мамандар аймақтағы жағдайды бақылап, тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Айта кетейік, Малатья аймағы 2023 жылдың ақпанында Түркияның оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісінен ең көп зардап шеккен өңірлердің бірі еді. Сол апат салдарынан елде 53 мыңнан астам адам қаза тапқан.
