Түркияның Алания қаласында 35 жастағы қазақстандық әйелге сексуалдық зорлық көрсетіп, ұялы телефонын ұрлап кетті деген күдікпен Сирияның 24 жастағы азаматы ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Тергеу мәліметінше, әйел мен күдікті түнде Аланиядағы Барлар Сокагы көшесінде танысып, кейін Сахире Тюзюн көшесіндегі қонақүйлердің біріне бірге барған. Біраз уақыттан соң ер адам қонақүйден жалғыз шығып кеткен.
Осыдан кейін қазақстандық әйел 112 қызметіне хабарласып, өзіне сексуалдық зорлық көрсетілгенін және күдіктінің ұялы телефонын алып кеткенін мәлімдеген.
Полиция қызметкерлері күдіктіні жағалау маңынан жедел тауып, ұстады. Ол полиция бөлімінде аудармашының қатысуымен жауап берген.
Тергеу аяқталғаннан кейін күдікті сот алдына жеткізілді. Сот оны қамауға алып, тергеу аяқталғанға дейін Аланиядағы жабық үлгідегі L санатындағы тергеу изоляторына жіберу туралы шешім шығарды.
