Алматыда бір топ бойжеткеннің кәмелетке толмаған қызды аяусыз соққыға жығып, қорлағаны түсірілген видео әлеуметтік желіде кеңінен тарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бейнежазбада бірнеше қыздың замандасын шашынан сүйреп, бетінен ұрып, балағаттап, тізерлеп тұруға мәжбүрлегені анық көрінеді. Қатыгез әрекеттердің барлығы ұялы телефонға түсірілген.
Әлеуметтік желідегі мәліметтерге сүйенсек, видеоны оқиғаға қатысқан қыздардың бірі жариялаған болуы мүмкін. Кейіннен жазба өшірілгенімен, оған дейін түрлі пабликтер мен мессенджерлер арқылы кеңінен тарап үлгерген.
Алматы қалалық Полиция департаменті әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында аталған деректі анықтап, оған қатысты Наурызбай аудандық Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалардың жеке басы анықталған. Қазір тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін жан-жақты тексеріп жатыр.
Қылмыстық істің тергелуі Алматы қалалық Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған.
