2027 жылдан бастап зейнеткерлік жасқа жеткен салымшыларға инфляция деңгейіндегі айырманы біржолғы өтеуді көздейтін бюджеттік кіші бағдарлама оңтайландырылады.
Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары мемлекеттің қорғауында қалады
Фото: gov.kz
430
оқылды

Әлеуметтік саланы жаңғырту шеңберінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстан Республикасының Ұлттық банкімен және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен (БЖЗҚ) бірлесіп азаматтардың зейнетақы жинақтарын қорғаудың неғұрлым тиімді әрі ашық моделіне кезең-кезеңімен көшу жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес, мемлекет азаматтардың зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік береді. Кодекстің 217-бабында БЖЗҚ-дағы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының (МКЗЖ) нақты енгізілген сомасының сақталуына мемлекеттік кепілдік заң жүзінде бекітілген. Осы норма өзгеріссіз сақталады.

2027 жылдан бастап зейнеткерлік жасқа жеткен салымшыларға инфляция деңгейіндегі айырманы біржолғы өтеуді көздейтін бюджеттік кіші бағдарлама оңтайландырылады. Бұл қадам зейнетақы жүйесін икемдірек, кәсіби әрі ұзақмерзімді нақты инвестициялық табыстылыққа бағдарланған жүйеге айналдыруға бағытталған кешенді реформалардың жалғасы болып саналады.

2026 жылғы қыркүйектен бастап (2026 жылғы 7 шілдеде қол қойылған заңға сәйкес) зейнетақы жинақтарын басқарудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Негізгі өзгеріс – бұрын қолданыста болған шектеулердің толықтай алынып тасталуы. Егер осыған дейін салымшылар жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) зейнетақы активтерінің 50%-ынан аспайтын бөлігін ғана сенімгерлік басқаруға бере алса, енді бұл шектеу толығымен жойылады. Азаматтарға жинақтарының 100%-ына дейін жеке басқарушы компанияларға беру құқығы ұсынылады. Осылайша, қазақстандықтар өз қаражатын басқаруда толық таңдау еркіндігіне ие болып, тәуекелі төмен немесе жоғары табысты инвестициялық стратегияны өз қалауынша таңдай алады.

Мұндай жағдайда инфляциялық тәуекелдерді мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен автоматты түрде өтеудің экономикалық негізі жойылады. Өйткені салық төлеушілердің қаражаты азаматтардың жеке инвестициялық шешімдерінің нәтижесін өтеуге жұмсалмауы тиіс. Сонымен қатар жеке инвестициялық портфельді басқарушылар қатаң қаржылық жауапкершілікке ие және теріс инвестициялық нәтиже туындаған жағдайда айырманы өз капиталы есебінен өтеуге міндетті. Оларға меншікті капитал көлеміне (кемінде 1,9 млрд теңге немесе 440 мың АЕК) және қызмет тәжірибесіне қатысты жоғары талаптар қойылады.

Консервативті инвестициялық тәсілді таңдаған салымшылар үшін негізгі басқарушы бұрынғыдай Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі болып қала береді. Әлеуметтік кодексте Ұлттық банктің зейнетақы активтерінің сақталуын қамтамасыз етуге және ұзақмерзімді нақты табыстылыққа қол жеткізуге ұмтылуға міндетті екені заңнамалық деңгейде бекітілген. 2028 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар аясында Ұлттық банкке зейнетақы активтерінің табыстылығын инфляция деңгейінен кемінде +1 пайыздық тармаққа арттыру міндеті жүктелген. Бұл ретте активтерді инвестициялау жоғары деңгейдегі әртараптандыру қағидаттарына сәйкес, сапалы шетелдік қаржы құралдарын пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар валюталық активтердің үлесі кемінде 30% деңгейінде сақталады.

Қазіргі уақытта Еңбек министрлігі қолданыстағы зейнетақы жүйесін трансформациялау мәселелері бойынша жұмыс тобын құрды. Оның аясында сақтандыру құрамдасын енгізу, «4+1» моделі, еңбек өтілін 40 жылға дейін есепке алу, сондай-ақ Сингапурдың зейнетақы жүйесінің моделі сияқты түрлі тәсілдер қарастырылды.

Зейнетақы жүйесін жаңғыртудың басты мақсаты – азаматтарды еңбек өтілін ескеретін және жоғалған табысты Халықаралық еңбек ұйымының стандарттарына сәйкес кемінде 40% деңгейінде алмастыруды қамтамасыз ететін БЖЗҚ-дан өмір бойғы үздіксіз төлемдермен қамту. Осы мақсатта Үкімет зейнетақы жүйесінің әлеуметтік сақтандыру құрамдасын қалыптастыру бағытында жұмыс жүргізуде. Ол азаматтардың зейнетақы жинақтарының көлеміне тәуелсіз, бірақ олардың зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескеретін, БЖЗҚ-дан өмір бойғы тұрақты төлемдерді қамтамасыз етуге бағытталған. Осыған байланысты мемлекеттік кепілдік шеңберінде төленетін біржолғы өтемақының өзектілігі жойылады.

Мемлекет қабылдап отырған барлық шаралар әлеуметтік қолдаудың атаулылығын арттыруға, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және ең бастысы – қазақстандықтардың ұзақмерзімді әл-ауқатын қамтамасыз ететін сенімді, ашық әрі табысты зейнетақы жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.