Мұндай жобалар білім беру сапасын арттырып қана қоймай, халықаралық тәжірибені енгізуге, академиялық ортаны дамытуға және ел экономикасының түрлі саласына қажетті жоғары білікті, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға берік негіз қалайды.
Осынау жүйелі жұмыстың бірі Шымкент қаласында жүзеге асып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан бастамалар отандық жоғары білім беру жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеруге жол ашып отыр. Соның жарқын көрінісінің бірі – Шымкент қаласындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті жанынан Түркияның беделді Гази университетінің филиалының ашылуы.
Биыл филиал 2026-2027 оқу жылына талапкерлерді қабылдау науқанын бастап, білімге ұмтылған жастардың зор қызығушылығына ие болды. Биылғы оқу жылына 100 мемлекеттік білім гранты бөлінсе, конкурсқа қатысуға 150-ге жуық талапкер ниет білдірген. Бұл көрсеткіш жастардың халықаралық стандарттарға сай білім алуға және шетелдік жоғары оқу орнының бағдарламасы бойынша оқуға деген сұранысының жоғары екенін аңғартады. Қабылдау емтихандары халықаралық талаптарға сәйкес екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы кезеңде талапкерлер жазбаша емтихан тапсырып, өздерінің теориялық дайындығы мен академиялық білім деңгейін көрсетті. Жоғары нәтиже көрсеткен талапкерлер ғана екінші кезең әңгімелесуге жолдама алды. Әңгімелесу барысында үміткерлердің кәсіби мотивациясы, педагогикалық ойлау қабілеті, сыни және аналитикалық ойлауы, көшбасшылық қасиеттері, коммуникациялық дағдылары және болашақ мамандыққа деген көзқарасы жан-жақты бағаланады.

Қабылдау емтихандарының әділ әрі ашық өтуін қамтамасыз ету мақсатында іріктеу жұмыстарын Түркияның Гази университетінен арнайы келген профессорлар жүргізуде. Бұл талапкерлердің білімін халықаралық академиялық талаптар негізінде бағалауға мүмкіндік беріп қана қоймай, қабылдау үдерісінің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етеді. Алғашқы емтиханның басталуына Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ Басқарма төрағасы – Ректор Қайрат Балабиев қатысып, талапкерлерге сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөніндегі тапсырмасы аясында, Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асқан бұл жо-ба – Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтеруге бағытталған маңызды бастама. Бұл бастама Қазақстан мен Түркия арасындағы академиялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығарып қана қоймай, педагогикалық білімнің сапасын арттыруға, әлемдік озық тәжірибені енгізуге және еңбек нарығына сұранысқа ие білікті мамандар даярлауға ықпал етеді. Біздің мақсатымыз – қабылдау емтихандарының жоғары деңгейде, әділ әрі ашық өтуін қамтамасыз етіп, талапкерлерге барлық қажетті жағдай жасау, – деді Қайрат Рахымұлы.
Бүгінде еңбек нарығында тек теориялық біліммен шектелмейтін, бірнеше тілді меңгерген, халықаралық тәжірибеге бейімделген, заманауи технологияларды еркін қолданатын мамандарға сұраныс артып келеді. Осы тұрғыдан алғанда Гази университеті филиалы кадрларды даярлаудың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған маңызды білім беру алаңына айналуда. Мұнда білім беру бағдарламалары халықаралық стандарттарға негізделіп, оқу үдерісіне шетелдік профессорлар тартылып, академиялық ұтқырлық мүмкіндіктері қарастырылған. Филиалда білім алатын студенттер Қазақстан және Түркия жоғары оқу орындарының талаптарына сәйкес әзірленген бағдарламалар бойынша оқып, халықаралық деңгейде мойындалатын екі диплом алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл түлектердің елімізде ғана емес, шетелде де кәсіби мансап құруына жол ашады.
ҰБТ-дан 111 балл жинаған Шымкент қаласының түлегі Жұмабек Гүлсезім де таңдауының дәл осы оқу орнына түсу себебін ерекше атап өтті.
– Маған ең алдымен осы университеттің екі дипломдық білім беру жүйесі ұнады. Сонымен қатар шетелдік профессорлардан дәріс алып, халықаралық деңгейдегі білім алу мүмкіндігі қызықтырды. Жазбаша емтиханда оқылым және тыңдалым бағыттары бойынша түрлі тапсырма орындадық. Емтихан жоғары деңгейде ұйымдастырылды, – дейді талапкер.
Бүгінгі талапкер ертеңгі ел дамуына үлес қосатын маман. Сондықтан халықаралық білім беру тәжірибесін елімізге енгізу, үздік университеттердің мүмкіндігін қазақстандық жастарға ұсыну – болашаққа салынған инвестиция. Гази университеті филиалының жұмысы да осы мақсатқа қызмет етіп, жаңа буын кәсіби мамандарын даярлауға берік негіз қалайды.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы
