Елде цифрлық активтер нарығының дамуына жаңа серпін береді. Жаңа мемлекеттік органдар құрылады. Тұтас цифрлық қаланың салынуына, ондағы цифрлық жобалардың жүзеге асуына басымдық бермек.
Байқасаңыз, бүгінде дәстүрлі қаржы саласы мен цифрлық активтер әртүрлі әлемде өмір сүріп жатқандай. Ал бұл Жарлық – осы екі әлемді бір-біріне жақындатып, Қазақстанды озық технологиялық қаржы орталығына айналдырудың жол картасы іспетті. Мемлекет басшысы республикада цифрлық актив индустриясын дамытудың мақсаты ретінде қаржылық тұрақтылықты сақтай отырып, заңсыз операцияларға қарсы тосқауыл қоюды, халық пен бизнес цифрлық активтерді қауіпсіз пайдалануы үшін құқықтық, институционалдық, технологиялық және инфрақұрылымдық жағдай жасауды, сол арқылы елде халықаралық қаржы нарықтарына интеграцияланған, капитал тартатын, реттелетін, ашық және бәсекеге қабілетті цифрлық активтер нарығын түзуді бекітті.
Президенттің бұл шешімін үш негізгі бағытқа бөлуге болады: біріншісі – Қазақстанды «қауіпсіз айлаққа» айналдыру. Мұндағы міндет – халық пен бизнестің қаражатын қорғау. Бұрын криптоиндустрия «жабайы дала» сияқты болса, енді мемлекет оны «тәртіпті қалаға» айналдырмақ. Өйткені қазақстандықтар әлі күнге Bitcoin, Ethereum, мемкоин және басқа криптовалюталарды интернеттегі, әлеуметтік желідегі жарнама арқылы сатып алуға тырысып, алаяқтардың құрығына түсіп қалады. «Сізді биржалық брокеріңіз немесе трейдеріңіз алдап кетті ме? Салған ақшаңызды платформадан кері шығарып алуды бұғаттап тастады ма? Біз қаржыңызды қайтаруға көмектесеміз!» – деген жарнамалар қаптады. Мұндай ұйымдарға жүгінгендердің көбі қайтадан алаяқтар схемасына тап болып, қайтара алданып қалып жатыр.
Сондықтан 2027 жылғы 1 шілдеге дейін заңсыз транзакциялар мен ақшаны жылыстатуға қарсы «цифрлық қалқан» – Ұлттық криптовалюталық талдау орталығы құрылады. Бұл – полиция мен аудитордың қызметін бірдей атқаратын технологиялы құрылым болуға тиіс. Президент орталықтың цифрлық активтермен жасалатын операциялардың жүйелі мониторингін жүзеге асырумен, транзакциялық белсенділікті талдаумен және заңсыз қаржы схемаларын анықтаумен айналысатынын атап өтті.
Бұған қоса Қасым-Жомарт Тоқаев «цифрлық активтердегі операцияларды елдің реттелетін цифрлық активтер экожүйесіне көшіруді, реттеушілік режимнің тартымдылығын арттыру арқылы ынталандыруды» жүктеді. Яғни сіздің биткоиніңіз Астана түбіндегі алып «Дата-орталықтағы», Павлодар қасындағы «ДӨО алқабындағы», не басқа деректерді өңдеу орталығындағы әмиянда сақтаулы тұрғаны жөн.
«Цифрлық активтермен жасалатын операциялардың ашықтығы мен қауіпсіздігін, тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ заңсыз айналымға және капиталды сыртқа шығаруға қарсы іс-қимыл тетіктерін күшейту – цифрлық активтер индустриясын дамытудың басым бағыттары болып айқындалсын!» – деді Мемлекет басшысы өз Жарлығында.
Бұдан бөлек, ол өз тапсырмаларының орындалуының нақты межесін бекітті. Атап айтқанда, Үкімет Ұлттық банкпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, Қаржылық мониторинг агенттігімен, АХҚО-мен бірлесіп, 2026 жылғы 1 тамызға дейін қазақстандық провайдерлердің банктік шоттарын бұғаттауды болдырмайтын тетік әзірлейді. Ал 31 желтоқсанға дейін бұрын сатып алынған немесе өндірілген цифрлық активтерді цифрлық активтер қызметтерінің қазақстандық провайдерлері арқылы реттелетін инфрақұрылымға міндетті түрде аудару шартымен оларды ерікті түрде жариялаудың құқықтық тетігі түзілмек.
Токендеудің тетігі кеңейеді
Жарлықтың екінші маңызды бағыты – негізінен көлеңкеде және көш жиегінде тіршілік етіп жатқан бұл индустрияны күнгейге шығарып, өркендеуіне жаңа дем беру. Осы мақсатта Президент «цифрлық активтер базасында жаңа инновациялық қаржы құралдары мен төлем қызметтерін, соның ішінде трансшекаралық есеп айырысуларды жүргізу үшін енгізуді» тапсырды. Қ.Тоқаев Үкіметке экономиканың нақты секторын қаржыландырудың көздерін кеңейту және әртараптандыру үшін «активтерді токендеуді дамытуды» жүктеді. Осы арқылы мемлекет цифрлық активтерді тек «виртуалды ойыншық» емес, нақты экономиканың құралына айналдырмақ.
Бұл тұрғыда токендеу дегенді қарапайым тілмен түсіндіре кетсек: кез келген кәсіпкер, соның ішінде тіпті шағын бизнес нысаны өз активтерін – зауытын, жаңа өнімін, жылжымайтын мүлкін немесе тіпті құнды қағаздарын цифрлық токенге айналдырып, оларды кез келген жанға оңай сата алады. Бұл ақша мен инвестиция тартудың ең жылдам әрі заманауи жолы. Әйтпесе, қазіргі кезде талаптарының қатаңдығы және кедергілерінің көптігі кесірінен шағын және орта кәсіпкерлер биржаға шыға алмайды, одан қарыз қаражат тарта алмайды.
Осы және басқа міндеттердің лайықты, абыройлы іске асуын тұрақты әрі дер кезінде реттеп, үйлестіріп отыру үшін жаңа мемлекеттік орган –Қазақстанның Ұлттық банкі жанынан Цифрлық активтер және төлем жүйелері жөніндегі комитет құрылмақ.
Цифрлық активтердің өндірісі де, сақталуы да алапат көлемде электр энергиясын тұтынатыны белгілі. Сол себепті Президент Қ.Тоқаевтың осы Жарлығына сәйкес, бұдан былай Қазақстандағы пайдаланылмайтын және жаңартылатын энергия ресурстары криптовалюта өндірушілерге, цифрлық майнингке бағытталады. Сондай-ақ газ кен орындарындағы алауларда босқа жанып кететін газды да майнингке пайдалануға мүмкіндік берілді. Бұл – жердің асты (көгілдір отын, көмір) мен үстіндегі (жел, күн) қуатты цифрлық активте айналдыру деген сөз.
Мемлекет басшысы электр энергиясын цифрлық майнингке пайдалану мақсатында, QazaqGaz ұлттық компаниясы мемлекеттің басым құқығын іске асырудан бас тартқан жағдайда, оны оқшауланған режимде өндіру үшін кен орындарында ілеспе мұнай газын және табиғи газды пайдалану тетігін көздейтін жаңа заң жобасын 2027 жылғы 1 наурызға дейін Құрылтайдың қарауына енгізуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін жеке тұлғалардың цифрлық активтерін шетелдік платформалар мен сервистерден қазақстандық провайдерлердің платформаларына көшіруді салықтық тұрғыдан ынталандырудың қосымша тетігін әзірлеуді тапсырды. Бұл үшін де заңнама өзгертілуге тиіс. Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин Жобалық кеңсенің жиынын шақырып, онда Салық кодексіне енгізілетін жаңа түзетулер топтамасын мақұлдады. Вице-премьердің түсіндіруінше, бұл түзетулер цифрлық активтердің заңды айналымын ынталандыру үшін жеңілдетілген салықтық жағдай жасайды. Ол үшін 2026 жылғы 1 қаңтардан 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін, 3 жыл бойы қазақстандық провайдерлер арқылы цифрлық актив, мысалы, криптовалюта сатып алған жеке тұлғалардың оны сатудан түсірген кірісі жеке табыс салығынан босатылады. Құрылтай депутаттары бұл заңды 2027 жылғы 1 сәуірден кейін қарауға кіріспек.
АХҚО жаңа миссиясы
Жарлықтың үшінші ірі бағыты – цифрлық қала құруға және «Астана» қаржы орталығын дамытуға бағытталған. Бұл Экономикада цифрлық активтерді қолдану салаларын кеңейту, бәсекеге қабілетті экожүйені қалыптастыру, цифрлық активтерді дәстүрлі қаржы жүйесіне интеграциялау және цифрлық активтердің бірыңғай және өзара байланысқан нарығын қалыптастыру мақсатында жасалып отыр.
Осы орайда Президент біріншіден, Ұлттық банкті Alatau City Autho rity мемлекеттік қорымен бірлесіп, биылғы 30 қыркүйекке дейін цифрлық активтер саласы мен криптоиндустрияны дамытудың Бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеп бекітуге міндеттеді. Екіншіден, Тимур Сүлейменовтің командасы 1 қарашаға дейін қормен, АХҚО-мен тізе қосып, цифрлық активтердің айналымы кезінде пайдаланылатын орталықтандырылмаған платформалардың (DeFi) жұмыс жасауына талдау жүргізуге, сондай-ақ олар реттеу және бақылау тәсілдерін әзірлеуге тиіс.
Өз кезегінде Құрылтай ел тарихында тұңғыш рет есептесудің жаңа түрін заңдастырады: тауарлар мен қызметтердің экспорттық-импорттық операциялары бойынша трансшекаралық төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін Ұлттық банк талаптарына сәйкес шығарылған стейблкоиндерді пайдалануға рұқсат ететін заң қабылдайды. Елдің жаңа Парламенті құптайтын тағы бір заң жобаларының пакеті криптокастодиандық қызметтің құқықтық шеңберін айқындауға, цифрлық активтері бар төлем қызметтерін көрсетуге, биткоин сияқты қамтамасыз етілмеген цифрлық активтері бар қызметтердің жаңа түрлерін көрсету бойынша қазақстандық провайдерлерінің қызметін жетілдіруге бағытталмақ.
Ал Алматы облысындағы жаңа шаһар құрылысына биткоинді және басқа криптоақшаны тарту көзделіп отыр. Осы мақсатта Alatau City Authority мемлекеттік қоры 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін Алатау қаласының аумағында шетелдік инвесторларға арналған жобаларға қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді инвестициялауға мүмкіндік беретін тетікті әзірлеуге міндетті. Жыл соңына дейін «Астана» қаржы орталығы шетел валютасында номинацияланған және АХҚО-ның лицензияланған қатысушылары шығарған стейблкоиндерді тауарлар мен қызметтер үшін экспорттық-импорттық операциялар бойынша трансшекаралық төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыруға пайдалануға мүмкіндік беретін тетікті жасауға тиіс.
Жарлыққа түсініктеме берген АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстан экономикасына цифрлық қаржы активтерін енгізуге ерекше көңіл бөлетініне назар аудартты.
– Бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізілді: АХҚО юрисдикциясында осы секторды реттеу бойынша пилоттық жоба мен тиісті инфрақұрылымды құру бастамасы оң нәтиже көрсетті. Ал елдің төл ұлттық юрисдикциясында реттеуді енгізуі – цифрлық активтер нарығын дамытудың жаңа кезеңі. Мемлекет басшысының осы Жарлығы еліміздегі цифрлық активтер саласының одан әрі дамуына серпін береді деп күтеміз, – деді АХҚО басшысы. Оның түсіндіруінше, реттеу дегеніміз тек ережелер мен қадағалау жүйесін енгізу ғана емес, ең алдымен – провайдерлер мен олардың клиенттері үшін қауіпсіз, ашық әрі бәсекеге қабілетті орта қалыптастыру.
– Жарлықта қарастырылған шаралар дәл осы мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған. Атап айтқанда, АХҚО юрисдикциясында шығарылған цифрлық активтер мен токенизацияланған бағалы қағаздарды ел аумағында тану жоспарланып отыр. Бұл эмитенттер үшін құралдардың айналымы мен қолданылуы тұрғысынан тең жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар АХҚО лицензиялаған эмитенттері шығарған стейблкоиндерді экспорттық-импорттық операциялар бойынша трансшекаралық есеп айырысуларда пайдалану мүмкіндігін енгізу маңызды қадам болмақ, – деді Р.Бектұров.
Оның айтуынша, жаңашылдықтардың бірі ретінде заңды негіз болған жағдайда провайдерлерінің банктік шоттарын жаппай бұғаттау тәжірибесінің орнына тек клиенттердің жеке шоттарын бұғаттау жүйесі енгізілмек. Қорыта айтқанда, осы және басқа бастама цифрлық активтер нарығын дамытудың заңды жалғасы, саланы жүйелеудің маңызды құралы әрі қазақстандық пайдаланушыларды реттелетін инфрақұрылым аясында шоғырландыруға бағытталған тың қадам болуға тиіс.
Сарапшылар Жарлықты іске асыру пайдаланушыларды АХҚО және ұлттық юрисдикцияда реттелетін платформаларға көшіруге, сөйтіп, көлеңкеден жарыққа шығаруға, сондай-ақ қаражатты сақтау, киберқауіпсіздік және тәуекелдерді басқару бойынша міндетті стандарттар есебінен клиенттердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне сенімді.
