Жаңа оқу жылынан бастап қазақстандық оқушылар кезең-кезеңімен жаңартылған оқулықтармен білім ала бастайды. Оқу-ағарту министрлігі мектеп оқулықтарын жаңартып, білім беру ұйымдарын жаңа басылымдармен қамтамасыз етуге кірісті. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы оқулықтарды жаңартудың төртінші ауқымды кезеңі. Үш жылға жоспарланған науқан аясында қандай оқулықтар әзірленіп жатыр? Олардың мазмұны мен сапасына қандай талаптар қойылады?
Мектеп оқулықтары  өзгереді
377
оқылды

Бұл оқулықтарының бұрынғылардан айырмашылығы неде? Осы және өзге де сауалдарды Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Сейфулла Смайловқа қойған едік.

– Сейфулла Шай-Ахметович, бұл жолы оқулықтардың сапасын жақсарту мақсатында сараптаманы кімдер жүргізді және жұмыс барысында нақты қандай міндеттер ескерілді?

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026-2027 оқу жылына ұсынылатын оқулықтарға қосымша зерделеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмысқа  әр өңірден білікті мектеп педагогтары қатысты. Қазір мектеп оқулықтарының сапасы Үкіметтің ерекше бақылауында. Қосымша зерделеу барысында орфографиялық, грамматикалық, стилисти­калық және  техникалық қателер анықталды. Осыған байланысты оқулықтарды пайдалануға ұсынғанға дейін оларды қосымша зерделеу­ден өткізу және жетілдіру туралы шешім қа­бы­ланды. Соның негізінде баспалар/авторлар мен сарапшылар бірлесіп, анық­талған ескертулерді жою жұмыстары жүргізілді. 

Зерделеу барысында оқулықтардың үлгілік оқу бағдарламасына сәйкестігі, мазмұнының мемлекеттік саясатқа сәйкестігі, ономастикалық бірліктерді қолданудың өзектілігі және мазмұнның тілдік және психологиялық аспектілерге сәйкестігі қарастырылды.

– Әзірленіп жатқан оқулықтарға қандай талаптар қойылып отыр? Бұл жұмыстың сапасына кім жауап береді және оның орындалуы қалай бақыланады?

– Қазір әзірленіп жатқан оқулықтарға қойылатын талаптар жыл сайын жетілдіріліп келеді. Негізгі талаптардың қатарында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты мен үлгілік оқу бағдарламаларына сәйкестігі, ғылыми дәлдігі, оқу материалының жүйелілігі мен логикалық құрылымы, жас ерекшеліктеріне сәйкестігі, тілдік сауатты­лығы, терминдердің бірізді қолданылуы, тапсырмалар жүйесінің тиімділігі және функционалдық сауаттылықты дамытуға бағытталуы, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды қамтуы, инклюзивті білім беру талаптарына сәйкестігі жан-жақты қарастырылды.

Оқулықтың сапасына, ең алдымен, авторлар мен баспа жауапты болады. Ми­нистрлік тарапынан мемлекеттік сарапта­ма ұйымдастырылып, оқулықтардың бел­гіленген талаптарға сәйкестігі бағаланады. Сарап­тамадан оң қорытынды алған оқу басы­лым­дары Оқу-ағарту министрлігі бекітетін білім беру ұйымдарына пайдалануға ұсы­нылатын оқу  әдебиеттерінің тізбесіне енгізіледі.

– Ал оқулық әзірлейтін авторлар мен баспаларға қандай талаптар жүктелген?

– Оқулық әзірлеуде және сараптамадан өткізуде оқулықтың құрылымы мен мазмұ­нына қойылатын «Орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтардың және мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйым­дарына арналған оқу-әдістемелік кешендердің құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптар» негізге алынады, бұл құжат Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы  5 сәурдегі  №132 бұйрығымен бекітілген. 

Оқулық әзірлеуге білім беру са­ласында тәжірибесі бар, тиісті ғылыми немесе педагогикалық біліктілігі жоғары мамандар тартылады. Автор­лардың пән бойынша терең кәсіби құзыретке ие болуы, оқу бағдарламаларын жетік меңгеруі, оқушының жас ерекшелігін ескеруі және ғылыми дәлдік пен академиялық адалдық қағидаттарын сақтауға тиіс. Ал баспалар өз кезегінде сапалы редакциялық және ғылыми редакциялау жұмыстарын жүргізуге, техникалық, орфографиялық және стилистикалық қателердің болмауын қамтамасыз етуге, сапалы деңгейде бас­паішілік сараптамадан өткізуге және са­раптамада берілген ескертулер бойынша түзетулер енгізу жұмыстарын толық орындауға міндетті.

Әрбір оқулық бірнеше кезеңнен тұратын сараптамадан өтеді. Егер анықталған ескер­тулер толық жойылмаса, оқулық білім беру ұйымдарына пайдалануға ұсынылмайды.

– Жаңартылатын оқулықтардың мазмұ­ны қаншалықты өзгереді, яғни бұрынғы оқу­лықтардан айырмашылығы қандай болмақ?

– Жаңарту жұмыстары тек қателерді түзетумен ғана шектелмейді. Оқулықтарды қайта басып шығару олардың мазмұнын өзектендіру мақсатында жүзеге асырылады. Бұл ескірген мәліметтер мен тапсырмалар жүйесін жаңартуды, ғылымның дамуымен, қоғамдық-саяси өмірдегі өзгерістермен байланысты толықтырулар мен түзетулер енгізуді, сондай-ақ статистикалық және өзге де нақты деректерді жаңартуды көздейді. Жоспар бойынша тек Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихынан басқа барлық пән бойынша оқулықтар жаңарады. 

Сонымен қатар оқулықтардың мазмұны білім беру жүйесіндегі өзгерістерге, ғылым мен технологияның дамуына және жаңа Конституция қабылдануына сәйкес қайта қаралды.

– Жаңа оқу жылында мектептерге жеткізілетін оқулықтардың барлығы жа­ңартылған нұсқа бола ма әлде кейбір өңірлер ескі кітаптармен оқуды жалғастыра ма?

– Бүгінде 2026-2027 оқу жылына арнал­ған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешен­дердің тізбесін бекіту және білім беру ұйым­дарын оқулықтармен әрі оқу-әдістемелік кешен­дермен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. 

Оқулықтарды жаңарту кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. 2026 жылғы 30 тамызға дейін 3-сыныптарға арналған «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Математика», «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу», «Музыка» пәндері бо­йынша, сондай-ақ 7-сыныпқа арналған «Дүниежүзі тарихы» пәні бойынша оқулықтар сатып алынады.

Ал қайта басылып жатқан және қолда­ныс мерзімі аяқталмаған оқулықтар нор­мативтік талаптарға сәйкес пайдаланылуын жалғастырады.

– Цифрлық оқулықтар дайындау жұ­мыстары жүргізіліп жатыр ма? Бұл бағытта қандай жоспар бар?

– Министрлікпен цифрлық білім беру ресурстарын дамыту бағытындағы жұмыс­тар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қағаз оқулықтармен қатар электрондық оқулықтар мен цифрлық білім беру ресурстары әзір­леніп, білім беру процесінде пайдаланылуда.

– Оқулықтарды таңдау Etandau.gov.kz электрондық платформасы арқылы жүргізіледі екен. Бұл таңдауға кімдер қатыса алады?

– Аталған пәндер бойынша оқулықтарды білім беру ұйымдарының педагогтары Etandau.gov.kz электрондық платформасы арқылы таңдады. Таңдау нәтижелері бо­йынша жергілікті атқарушы органдар қа­жетті өтінімдерді қалыптастырып, оқулық­тарды жеткізуді ұйымдастыру үшін баспаларға жолдады. Сондай-ақ өңірлерде білім алу­шылар санының артуы мен кітапхана қорын толықтыру қажеттілігі ескеріле отырып, қалған сыныптарға арналған оқулықтарды қосымша сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

 Платформаға білім беру ұйымдарының педагогтары қатысады. Яғни пән мұғалімдері өз пәні бойынша сараптамадан өткен және министрлік бекіткен оқулықтардың арасынан таңдау жасайды.

Таңдау барысында педагогтар оқулықтың мазмұнын, әдістемелік ерекшеліктерін және білім беру процесіне сәйкестігін ескереді.

Платформада жасалған таңдау жергілікті білім басқармалары мен мектептердің оқулықтарға деген қажеттілігін қалыптас­тыруға негіз болады және білім беру ұйым­дарын оқулықтармен қамтамасыз ету жұмыстарын жоспарлауға мүмкіндік береді.

– Оқулықтардың қайта жазылуы білім беру жүйесінің өзгеруіне қаншалықты әсер етеді деп ойлайсыз?

– Оқулықтарды қайта жазу – білім беру жүйесін жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі. Дегенмен білім беру сапасы тек оқу­лықпен ғана шектелмейді. Ол оқу бағдар­ламасының мазмұнына, мұғалімнің кәсіби даярлығына, оқыту әдістемесіне және бағалау жүйесіне де тікелей байланысты. Оқулықтарды жаңарту кезең-кезеңімен жүзеге асырылады деп жоғарыда атап өт­тік. Бұл бір жағынан оқу әдебиеттерінің сапа­сын арттыруға мүмкіндік берсе, екінші жағынан білім беру ұйымдарын оқулықтар­мен үздіксіз қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Сондықтан оқулықтарды қайта жазу білім беру жүйесінде оқыту сапасын жақсартуға, білім мазмұнын заманауи талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді.

– Рақмет!

Сұхбаттасқан Тілекгүл Есдәулет