Бүгін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау науқаны аясында Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті.
Орталық сайлау комиссиясы  «Әділет» партиясының партиялық тізімін тіркеді
227
оқылды

Отырыс жұмысына «Әділет» партиясының басшылығы, ЕҚЫҰ ДИАҚБ атынан халықаралық байқаушылар, Бас прокуратура, Қаржы, ішкі істер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ бейнеконференциялық байланыс арқылы өңірлердегі аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері қосылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Отырыстың күн тәртібіне сәйкес, «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу туралы мәселе қаралды. ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман баяндама жасап, Ортсайлаукомға партия тарапынан Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға партиялық тізімді ұсыну бойынша тиісті құжаттар ұсынылғанын атады. Сонымен бірге ол Конституция мен "Сайлау туралы" конституциялық заң бойынша кандидаттарға қойылатын талаптарға тоқталды. 

«Сайлау туралы конституциялық заңның 89-бабына сәйкес, бір саяси партиядан бір ғана тізім тіркеуге жіберіледі. Партиялық тізімде үш санаттағы: әйелдер, жастар мен мүгедектігі бар адамдардың жиынтық үлесі 30% болуы тиіс. «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімінде 186 адам бар. Оның ішінде 88 кандидат – әйелдер, жастар мен мүгедектігі бар адамдар, яғни 47,3%. Заңнамада белгіленген квота сақталған. Орталық сайлау комиссиясы уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп кандидаттардың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңның талаптарына сәйкестігін тексерді. Партиялық тізімге енгізілген барлық тұлғалар заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес келеді»,  – деп түйіндеді Мұхтар Ерман.

Сонымен қатар ОСК төрағасының орынбасары «Әділет» партиясы  қоғамдық бірлестігі партиялық тізімге енген барлық адамдар үшін сайлау жарнасын төлегендігін атап өтті. 

Отырыс қорытындысы бойынша, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері хаттамаларға қол қойып, 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға «Әділет» партиясы қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу туралы қаулы қабылдады. Тіркелген кандидаттарға тиісті куәліктер табысталды.

Отырыс қорытындысымен партия басшылығы дәстүрлі брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.