Өтінім қабылдау тамыз айында басталады.
«Ұмай» ипотекасы қайта іске қосылып, өтінімді қабылдау тамызда басталады
205
оқылды

Қазақстанда әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы қайта іске қосылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл туралы Отбасы банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова әлеуметтік желідегі тікелей эфирде мәлімдеді.

Оның айтуынша, бағдарламаны қаржыландыруға қажетті қаражат бөлініп қойған.

«"Ұмай" ипотекалық бағдарламасына қатысты жағымды жаңалығымыз бар. Бағдарламаны тамыз айында қайта іске қосамыз. Алғашқы қаражат қазірдің өзінде түсіп жатыр», – деді банк басшысы.

Бұған дейін бағдарламаны іске асыруға 45 миллиард теңге бөлінетіні хабарланған еді.

Бағдарламаға кімдер қатыса алады?

Өтінім берушілер:

- ресми табысқа ие болуы;

- соңғы кемінде алты ай бойы зейнетақы жарналарының аударылып тұруы тиіс.

Ипотека шарттары:

- алғашқы жарна – ірі қалаларда 20%-дан, өңірлерде 15%-дан;

- несие сомасы – 50 миллион теңгеге дейін;

- несие мерзімі – 25 жылға дейін.

Отбасы банкі әзірге бағдарламаның түпкілікті пайыздық мөлшерлемесін жариялаған жоқ. Бұған дейін алғашқы жылдары мөлшерлеме шамамен 15% болып, кейін 3,5–5% деңгейіне дейін төмендеуі мүмкін екені айтылған.