Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Қауымдастығы қазақтың ұлттық мұрасы -тоғызқұмалақ ойынын жаңа деңгейге көтеретін заманауи цифрлық платформаны іске қосты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жаңа жобаның атауы – https://9qum.com.
Платформа тоғызқұмалақ әуесқойлары мен кәсіби спортшыларға, жаттықтырушылар мен төрешілерге оқу-жаттығу үдерісін жетілдіруге, жарыстар ұйымдастыруға және ойындарды талдауға арналған кең мүмкіндіктер ұсынады. Жобаны тоғызқұмалақшы әрі бағдарламашы Элдар Шаймағамбет пен Есеншораева Әдемі бірлесіп әзірледі.

Платформада пайдаланушылар жасанды интеллектпен әртүрлі деңгейде ойнап, дайындалып, шеберліктерін шыңдай алады. Әр партиядан кейін жасанды интеллект ойынға толық талдау жасап, жіберілген қателерді, тиімді жүрістерді және балама шешімдерді көрсетеді. Сондай-ақ кез-келген дебюттік немесе тактикалық позицияны талдап, ең тиімді жүрістер жөніндегі ұсыныстар алуға мүмкіндік береді.
Жеке кабинет арқылы жаттықтырушымен бірлесіп жұмыс істеуге, тапсырмаларды орындауға және партияларды талдауға болады. Оған қоса әлемнің кез келген нүктесіндегі қарсыласпен онлайн ойнап, бейнебайланыс арқылы партия өткізуге мүмкіндік қарастырылған.
Платформа онлайн турнирлерді ұйымдастырудың толыққанды жүйесімен жабдықталған. Ұйымдастырушылар қатысушылардың тіркелуін, ойындардың өту барысын және нәтижелер жаңартылуын нақты уақыт режимінде бақылап, жарысты тиімді басқара алады. Бұл халықаралық деңгейдегі турнирлерді ашық, әділ әрі жоғары сапада өткізуге жағдай жасайды.

Жанкүйерлер үздік ойыншылардың партиялары мен батлдарын тікелей эфирде немесе жазба арқылы тамашалап, олардың ойын мәнерін зерделей алады. Сонымен бірге платформадағы онлайн кітап дүкенінен тоғызқұмалаққа арналған оқулықтарды, әдістемелік құралдар мен ғылыми еңбектерді сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.
Бүгінде тоғызқұмалақ әлемнің 60-қа жуық елінде ойналады. 9Qum платформасының іске қосылуы халықаралық тоғызқұмалақ қауымдастығын ортақ цифрлық кеңістікке біріктіріп, ұлттық зияткерлік ойынның әлемдік деңгейде кеңінен таралуына және оның танымалдығының артуына тың серпін береді.
Платформа іске қосылған алғашқы үш күннің ішінде оған 1400-ге жуық спортшы тіркеліп, 9 мыңға жуық партия ойналды. Осы уақытқа дейін мұнда екі онлайн турнир ұйымдастырылып, оған 300-ге жуық спортшы қатысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Алдағы уақытта платформада республикалық және халықаралық деңгейдегі тұрақты турнирлер өткізу, рейтингтік жүйені жетілдіру, оқу-жаттығу мүмкіндіктерін кеңейту және жасанды интеллекттің талдау сапасын арттыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ тоғызқұмалақты әлемнің түкпір-түкпірінде кеңінен насихаттауға басымдық беріледі.

Бұл жоба - ұлттық зияткерлік мұраны заманауи цифрлық технологиялармен ұштастырып, тоғызқұмалақтың халықаралық беделін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Жаңа платформа спортшылардың шеберлігін жетілдіруге, жаттықтырушылардың оқу-жаттығу жұмысын тиімді ұйымдастыруға және жанкүйерлерге сүйікті ойынын жаңа форматта тамашалауға мүмкіндік береді.
Дүниежүзілік тоғызқұмалақ қауымдастығы тоғызқұмалақ жанкүйерлерін, спортшыларын, жаттықтырушыларды https://9qum.com платформасына тіркеліп, оның барлық мүмкіндіктерін пайдалануға шақырады.
