Шығыс Қазақстан облысында бағалы металдарды заңсыз өндірген қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, қылмыстық топ құрамында өңір тұрғындары мен Қытай Халық Республикасының азаматтары болған.
Тергеу барысында олардың 2024-2025 жылдары Ұлан ауданы аумағындағы орман қорына зиян келтіре отырып, заңсыз алтын өндіруді ұйымдастырғаны анықталған.
2025 жылдың маусым айында Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті, полиция және Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп жүргізген арнайы операция барысында Үлкен және Кіші Шыбынды өзендерінің аңғарында заңсыз жұмыс жүргізген шетел азаматтары ұсталды. Оқиға орнынан арнайы техника, жабдықтар, құрамында алтыны бар шикізат және ақшалай қаражат тәркіленді.
Сотта ұсынылған дәлелдерге сәйкес, қылмыстық топ 15 келі алтынды заңсыз өндірген. Ал мемлекетке келтірілген шығын көлемі 766 000 000 (жеті жүз алпыс алты миллион) теңгені құрады.
Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2026 жылғы 21 шілдеде сотталушыларды аса ірі мөлшерде бағалы металдарды заңсыз өндіргені үшін кінәлі деп танып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
