Өртпен күрестің алғашқы кезеңінде 600 адам мен 148 техника жұмыс істесе, жағдайдың күрделенуіне байланысты күштер саны едәуір арттырылды. Соңғы мәлімет бойынша апатпен күреске 769 адам, 191 бірлік жерүсті техникасы және 8 тікұшақ қатысты.
Орман үшін арпалыс: өрт қалай өшірілді?
136
оқылды

Әуе техникасының еңбегі ерекше болды. Тікұшақтар бірнеше жүз мәрте әуеден су төгіп, жалынның таралуына тосқауыл қойды. Авиацияның көмегімен өрт ошақтарына жүздеген тонна су жеткізіліп, орман алқаптарындағы аса қауіпті аумақтарды сөндіруге мүмкіндік туды. Мамандардың айтуынша, дәл осы үйлесімді әрекет өрттің ауқымын кеңейтпей, оны қысқа мерзімде оқшаулауға ықпал етті.

Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Бородулиха ауданындағы орман өрті басылды. Бұл – тек бір өңірдің  емес, күллі елдің назарын аударған күрделі табиғи оқиғаның бірі болды. Қауіпті ауыздықтау үшін жүздеген құтқарушы, орманшы, әскери қызметкер мен авиация жұмылдырылып, тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде өрттің елді мекендерге таралуына жол берілмей, Камышенка ауылы аман сақталды.

Орман өрті – табиғатқа ғана емес, ел қауіпсіздігіне де төнетін қатер. Сондықтан алғашқы күннен бастап жағдай мемлекеттік деңгейде бақылауға алынды. Абай облысының әкімі Берік Уәли оқиға орнына бірнеше рет барып, өрт аумағын тікұшақпен әуеден шолып, жауапты мекемелердің жұмысын үй­лестірді. Өңір басшысы ең басты міндет тұрғындардың өмірі мен қауіпсіздігін сақтау екенін атап өтті.

Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, жергілікті атқарушы органдар, «Семей орманы» және «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваттарының қыз­меткерлері, «Қазавиаорманқорғау» ма­мандары жұмылдырылды. Сонымен қатар Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары мен Астана қаласынан қос­ым­ша күштер тартылды.

Өртпен күрестің алғашқы кезеңінде 600 адам мен 148 техника жұмыс істесе, жағдайдың күрделенуіне байланысты күштер саны едәуір арттырылды. Соңғы мәлімет бойынша апатпен күреске 769 адам, 191 бірлік жерүсті техникасы және 8 тікұшақ қатысты. Әуе техни­касының еңбегі ерекше болды. Тік­ұшақтар бірнеше жүз мәрте әуеден су төгіп, жалынның таралуына тосқауыл қойды. Авиацияның көмегімен өрт ошақтарына жүздеген тонна су жеткі­зіліп, орман алқаптарындағы аса қауіпті аумақтарды сөндіруге мүмкіндік туды. Мамандардың айтуынша, дәл осы үй­лесімді әрекет өрттің ауқымын кең­ей­тпей, оны қысқа мерзімде оқшау­лауға ықпал етті.

Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өңірге арнайы барып, облыс әкімімен бірге жағдайды бағалады. Әуеден жүргізілген бақылау барысында күштер мен техниканың орналасуы нақ­тыланып, қосымша шешімдер қа­был­данды. Бұл мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көрсетті.

Бүгінде ашық жану ошақтары толық тоқтатылды. Дегенмен мамандар қайта тұтанудың алдын алу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Күйген ағаштар бөлшектеліп, орман ішіне топырақ пен  су себілуде. Сонымен қатар өрттің қайта таралуына жол бермеу үшін минералдандырылған жолақтар жасалып, жер жырту жұмыстары жүргізілуде.

Абай облысындағы бұл өрт тағы бір маңызды мәселені күн тәртібіне шығарды. Соңғы жылдары климаттың өзгеруі, аптап ыстық пен құрғақшылық табиғи өрттердің жиілеуіне әсер етіп отыр. Сондықтан мұндай апаттардың алдын алу тек төтенше жағдай қыз­метінің ғана емес, табиғатты қорғау саласының, жергілікті биліктің және қоғамның ортақ міндетіне айналуға тиіс.

«Семей орманындағы» оқиға мемлекетіміздің табиғи апаттарға қарсы әрекет ету жүйесінің әлеуетін көрсетті. Қысылтаяң сәтте түрлі ведомствоның бірлесіп жұмыс істеуі, авиацияның тиімді қолданылуы және мамандардың кәсіби біліктілігі арқасында тілсіз жау ауыздықталды. Ендігі басты міндет – өртті толық сөндіріп қана қоймай, осындай апаттардың қайталануына жол бермейтін алдын алу шараларын күшейту.

Өйткені орман – табиғаттың ғана емес, болашақ ұрпақтың аманаты. Ал оны қорғау – баршаға ортақ жауап­кершілік.

 

Эльмира Жүрсінбекқызы, Абай облысы