Баспана – отбасының берекесі мен тұрақтылығының негізі. Әр отбасының өз шаңырағына ие болып, қауіпсіз әрі жайлы ортада өмір сүруі – қоғамның әлеуметтік әл-ауқатын айқындайтын маңызды көрсеткішінің бірі. Осы ретте азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік осал санаттарға қолдау көрсету – еліміздегі әлеуметтік саясаттың басым бағытының бірі.
Отбасыларға пәтер кілті табысталды
122
оқылды

Бұл бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласында да жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қалада тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған мемлекеттік және әлеуметтік бағдарламалар кезең-кезеңімен іске асырылып, баспаналы болуды көздеген азаматтарға нақты мүмкіндік берілуде. Жуырда шаһарда тағы 30 отбасы жаңа пәтердің кілтін алып, қуанышты сәтке куә болды. Жаңа қоныс иелеріне баспана кілттерін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков табыстады.

Пәтерлер «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары аясында берілді. Жаңа көпқабатты тұрғын үйлер Бозарық шағын­ауданында орналасқан. Заманауи талаптарға сай бой көтерген баспаналар енді ондаған отбасы үшін жаңа өмірдің бастауы болмақ. Баспаналы болғандардың қатарында көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар және бюджет саласының қызметкерлері бар. Олардың әрқайсысы үшін бұл – жай ғана жаңа пәтер емес, отбасының болашағына деген сенімін нығайтатын маңызды қадам.

Жаңа пәтердің кілтін қолына алған отбасылардың қуанышы да ерекше. Өйткені баспана – адамның күнделікті тұрмысын жақсартатын материалдық игілік қана емес, ол отбасы мүшелерін бір шаңырақ астына біріктіретін, ұрпақ тәрбиесіне қолайлы жағдай қалыптастыратын қасиет­ті мекен. Өз үйі бар отбасы ертеңіне сеніммен қарап, бала тәрбиесіне, білім алуға, еңбек етуге және қоғам өміріне белсенді араласуға мүмкіндік алады.

Осы тұрғыдан алғанда, тұрғын үй саясаты мен отбасы институтын қолдау бір-бірімен тығыз байланысты. Отбасының тұрақтылығы мен әл-ауқаты – қоғамның беріктігінің маңызды негізі. Сондықтан мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік бағдарламалардың түпкі мақсаты азаматтарға баспана беру арқылы ғана шектелмейді. Оның аясында отбасылардың тұрмыс сапасын арттыру, балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада өсуіне жағдай жасау, ата-аналардың әлеу­меттік тұрақтылығын қамтамасыз ету сияқ­ты маңызды міндеттер де қамтылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде отбасы институтын нығайтуға, бала тәрбиесіне қолайлы орта қалыптастыруға және азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға айрықша мән беріліп келеді. Бұл ретте баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де әлеуметтік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Себебі тұрақты табыс пен қолжетімді баспананың болуы – отбасының болашаққа нық қадам басуына мүмкіндік беретін негізгі факторының бірі. 

Шымкент халық саны жыл сайын артып келе жатқан, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан қарқынды дамып жатқан ірі мегаполистердің бірі. Қала халқының өсуі тұрғын үйге деген сұраныс­тың да артуына әсер етуде. Сондықтан шаһарда жаңа тұрғын үй алаптарын дамыту, көпқабатты үйлер салу, инженерлік инфрақұрылымды жетілдірумен қатар, тұрғындарға баспана алудың қолжетімді тетіктерін ұсыну бағытындағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл ретте жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың маңызы зор. Мұндай жобалар баспанаға мұқтаж азаматтарға тұрғын үй нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, ұзақмерзімді жоспар құруға жол ашады. Әсіресе, көпбалалы отбасылар, ерекше баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар және әлеуметтік маңызы бар салаларда еңбек етіп жүрген азаматтар үшін мұндай қолдау – үлкен мүмкіндік.

Баспана мәселесінің шешілуі отбасыларға жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бірі балаларының болашағын жоспарласа, енді бірі жаңа кәсіп бастауға, білім алуға немесе кәсіби тұрғыдан дамуға мүмкіндік алады. Ал балалар үшін жаңа үй – қауіпсіздік пен тұрақтылықтың, бақытты балалық шақтың символы. Сондықтан Шымкентте тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған әрбір жоба әлеуметтік маңызы жоғары бастама ретінде бағаланады. Қалада жаңа тұрғын үйлердің бой көтеруімен қатар, азаматтардың баспанаға қол жеткізу мүмкіндігін арттыруға бағытталған жұмыстардың жалғасуы – шаһардың әлеу­меттік дамуындағы маңызды көрсеткіш.

Бүгінде баспаналы болған 30 отбасы үшін жаңа пәтер – жаңа өмірдің бастауы. Енді бұл үйлерде балалардың күлкісі естіліп, отбасылық дәстүрлер қалыптасып, талай қуанышты сәттер атап өтіледі.

Шымкентте жаңа баспаналардың бой көтеруі мен азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың жалғасуы қаланың әлеуметтік әле­уетін арттырып қана қоймай, отбасылардың болашаққа деген сенімін нығайта түсуде. Өз үйіне қол жеткізген әрбір отбасы – тұрақты әрі берекелі қоғам құру жолындағы тағы бір маңызды қадам. 

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы