Бүгін 16 жастағы жасөспірім суға батып, көз жұмды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Құтқарушылар жасөспірімнің мәйітін судан алып шыққан.
Ведомствоның мәліметінше, биыл маусым айынан бастап судағы қайғылы оқиғаларды мемлекеттік есепке алу тәртібі өзгерген. Енді тек мемлекеттік есепке жататын су айдындарында болған табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар ғана ресми статистикаға енгізіледі.
Еске салсақ, 11 шілдеде Ақтөбе қаласының Алматы ауданындағы Сазды өзенінде 1984 жылы туған ер адам суға батып кеткен. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар оның денесін жағадан шамамен 30 метр қашықтықтан, 3 метр тереңдіктен алып шыққан.
Сол күні Қобда ауданы Қарақұдық ауылдық округіне қарасты Көктоғай ауылы маңындағы Қарақобда өзенінде де тағы бір қайғылы жағдай тіркелді. Алдын ала мәлімет бойынша, 1990 жылы туған азамат шомылуға тыйым салынған жерде суға түскен. Оның денесін оқиға орнында болған адамдар судан шығарған.
Осылайша, ресми дерекке сәйкес, Ақтөбе облысында табиғи сипаттағы судағы төтенше жағдайлардың саны екіге жетті.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, жабдықталмаған әрі шомылуға тыйым салынған орындарға бармауға, сондай-ақ балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауға шақырды.
