Облыстық прокуратураның мәліметінше, олардың 27-сі қылмыстық, ал 106-сы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
3 миллион теңгеден астам алимент төлемеген борышкер сотталды
131
оқылды

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша, Маңғыстау облысында алимент төлеуден қасақана жалтарған 133 борышкер жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Облыстық прокуратураның мәліметінше, олардың 27-сі қылмыстық, ал 106-сы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Тексеру барысында бірнеше жыл бойы алимент төлемеу үшін әдейі жұмысқа орналаспау, нақты жұмыс орны мен табысын жасыру фактілері анықталған.

Солардың бірі – шартты түрде «Ы» деп көрсетілген борышкер. Ол кәмелетке толмаған екі баласын асырауға табысының үштен бір бөлігін алимент ретінде төлеуге міндеттелген. Алайда бұл міндетін орындамай, алимент төлеуден қасақана жалтарған. Соның салдарынан оның берешегі 3 миллион теңгеден асып кеткен.

Прокурорлық тексеру нәтижесінде оған қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот борышкерді кінәлі деп танып, 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін алимент бойынша берешек толық көлемде өтелді.

Есепті кезеңде прокуратураның араласуымен алимент бойынша 95 миллион теңгеден астам берешек өндіріліп, 395 кәмелетке толмаған баланың құқықтары қорғалды. Прокуратура алимент өндіру және балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын мәлімдеді.