Астанада жауған нөсер жаңбырға байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Әкімдік мәліметінше, қаланың нөсер кәріз жүйесі мен тазарту құрылыстары жауын-шашынның мол көлемін қабылдап, штаттық режимде жұмысын жалғастыруда.
Сонымен қатар қаланың жекелеген аумақтарында уақытша су жиналу жағдайлары тіркелген. Мамандардың айтуынша, қысқа уақыт ішінде мол жауын-шашын түскен кезде нөсер кәріз жүйесі жиналған суды орта есеппен 40 минуттан 1 сағатқа дейінгі уақытта толық қабылдайды.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, коммуналдық қызметтер кәріз коллекторлары мен жаңбыр суын қабылдау құдықтарын жүйелі түрде тазартып, құбырларды бумен шаю жұмыстарын жүргізіп келеді. Сонымен қатар нөсер кәріз жүйелері мен тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту жұмыстары да тұрақты түрде жалғасуда.
Қазіргі уақытта барлық коммуналдық қызметтер қаладағы жағдайды бақылауда ұстап, күшейтілген режимде жұмысын жалғастырып жатыр.
