Бүгін «Ақ жол» демократиялық партиясы өзінің сайлауалды үгіт-насихат науқанын ресми түрде бастады. Салтанатты іс-шара Алматы облысындағы «Tau-Asu» демалыс базасында өтіп, оған партия төрағасы Дания Еспаева, депутаттыққа кандидаттар, жастар қанатының өкілдері, белсенділер мен жақтастар қатысты, деп хабарлайды Aikyn.kz.
Еліміздің барлық 20 өңірлік филиалымен тікелей байланысқа шыққан телекөпірде партия төрағасы Дания Еспаева арнайы батырманы басып, үгіт-насихат науқанының символикалық басталуына белгі берді.
Игі бастамада сөз сөйлеген Дания Мәдиқызы науқанның дәл осы Жастар форумы аясында басталуы «Ақ жолдың» ел болашағына баса мән беретіндігінің айқын дәлелі екенін атап өтті.
«Бұл сайлау — халықтық референдумда қабылданған жаңа Конституцияның нәтижесінде жүзеге асып отырған аса маңызды саяси оқиға. 25 жылдық тарихы бар "Ақ жол" партиясы Құрылтай сайлауына нақты өзгерістерді жүзеге асыру үшін қатысады. Біз егемендік пен ұлттық мүддені қорғауды, жемқорлықпен күресіп, заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтаруды, шағын және орта бизнесті дамытуды және табиғи байлықтың игілігін халыққа бағыттауды көздейміз. Бағдарламамызда жастар мен жас отбасыларды қолдауға ерекше орын берілген. Біз қолжетімді әлеуметтік баспана құрылысын көбейтуді және азаматтарды жалғыз баспанасынан айыруға заң жүзінде толық тыйым салуды талап етеміз! Біздің мақсатымыз — әділ сайлау және әрбір қазақстандық оң өзгерістерді сезінетіндей кәсіби жұмыс жасау», — деді Дания Еспаева.
Іс-шара аясында партияның жастар қанатының жетекшілері мен Құрылтай депутаттығына кандидаттар да сөз сөйлеп, өз сайлауалды бағыттарымен бөлісті.
Ресми бөлім аяқталғаннан кейін партия кандидаттары мен белсенділері Алматы қаласына барып, шаһар орталығында (Бөгенбай батыр мен Панфилов көшелерінің қиылысында) алғашқы үгіт-насихат акциясын өткізді. Онда тұрғындармен жүздесіп, үгіт насихат материалдарын таратты.
