Бір күн ішінде партия Төрағасы Айбек Дәдебай бастаған Құрылтай депутаттығына ұсынылған кандидаттар педагогтермен, медицина қызметкерлерімен, қолөнершілермен, зиялы қауым және қоғам белсенділерімен, туризм мен спорт саласының өкілдерімен, шаруалармен және басқа да тұрғындармен бірқатар кездесу өткізеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Іссапар Түркістан қаласындағы Конгресс-холлда зиялы қауым және қоғам өкілдерімен өткен басқосудан басталды. Жиында сөз сөйлеген «Әділет» партиясының Төрағасы Айбек Дәдебай Түркістан облысының ел үшін айрықша маңызын айтып, өңір тұрғындарымен ашық диалог құрудың мәніне тоқталды.
«Түркістан – рухани әрі экономикалық әлеуеті зор өңір. Бүгінгі ашық диалог халықтың оң өзгерістерге деген сенімінің жоғары екенін көрсетті. Біз бұл жерге уәде тарату үшін емес, халықты тыңдап, нақты жұмыс істеу үшін келдік. Кентау, Арыс, Сауран және Түркістан тұрғындары көтерген әрбір өзекті мәселе біздің жеке бақылауымызда болады», – деді Айбек Дәдебай.
Партия Төрағасының айтуынша, «Әділет» партиясының тарихи жауапкершілігі – Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған реформаларын қолдап, оларды қоғаммен бірлесіп іске асыруға үлес қосу.
Кездесуде партия Төрағасының орынбасары, Құрылтай депутаттығына кандидат Рауан Кенжеханұлы «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Оның айтуынша, құжат 7 негізгі мақсат пен 10 басым бағыттан тұрады. Бағдарлама адами капиталды дамытуға, өңірлерді қолдауға, «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға, цифрлық трансформацияға, экономиканы өркендетуге және әлеуметтік саясатты жетілдіруге бағытталған.
«Біздің бағдарламаның өзегінде қарапайым қағида жатыр: басты орында адам, оның қадір-қасиеті, әл-ауқаты және өз әлеуетін жүзеге асыру мүмкіндігі тұруы тиіс. Біз әр азамат өз еңбегі, білімі мен жауапкершілігінің арқасында табысқа жете алатын мүмкіндіктер экономикасын қалыптастырғымыз келеді», – деді Рауан Кенжеханұлы.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтерді. Олар елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету, газдандыру, жолдарды жөндеу, жайылым және суармалы жер тапшылығы, жұмыссыздық деңгейін төмендету, сондай-ақ шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру мәселелеріне қатысты болды.
Өтініштерді қарауға Республикалық сайлауалды штаб құрамындағы Құрылтай депутаттығына кандидаттар да қатысты. Олардың қатарында «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров, ҚР Парламенті Мәжілісінің бұрынғы депутаттары Асхат Аймағамбетов, Унзила Шапақ және басқа да кандидаттар бар.
Тұрғындардан түскен барлық ұсыныс пен өтініш Республикалық сайлауалды штабтың алдағы жұмысы үшін тіркеуге алынды.
Кездесу соңында Айбек Дәдебай «Әділет» партиясының қатарына жаңадан қабылданған мүшелерге партиялық билеттерді табыстады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
